
EDU FEST «Шексіз мүмкіндіктер» фестивалі аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған шара барысында Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов, әдістемелік орталық өкілдері, аудан басшылары және өзге өңірлерден келген қонақтар №5 «Ақбота» балабақшасына барды.
Айта кету керек, «Ақбота» балабақшасы түрлі білім беру жобалары мен бастамаларына белсене қатысатын мекемелердің бірі. Олардың қатарында «IT-балабақша» жобасы, «Жасыл балабақша» жобасы, сондай-ақ оқу-тәрбие үдерісіне заманауи педагогикалық технологияларды енгізу бар. Мекеме балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, инновациялық оқыту мен тәрбиелеу тәсілдерін қолдануымен ерекшеленеді.
Сапар барысында қонақтар балабақшаның материалдық-техникалық базасымен танысты. Көңілге ерекше түскен нысандар қатарында ғарыш кабинеті, «тұз шахтасы» және балалардың дамуына арналған арнайы аймақтар болды. Сонымен қатар, педагогтар математика сабағында оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында сингапурлық әдістемені белсенді түрде қолданатыны атап өтілді.
Қонақтарға «Зергерлік шеберхана», «Робототехника», «Скалодром», «Саз әлемі», «Ғарыш әлемі», «Джунгли математика әлемі», «Тігін шеберханасы» жобалары, сондай-ақ логопед пен психолог кабинеттері таныстырылды.
Қонақтар балабақшаның материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін, заманауи оқыту мен тәрбиелеу әдістерін, сондай-ақ балалардың белсенділігі мен оқу үдерісіне қатысуын жоғары бағалады.
Жалпы, «Ақбота» балабақшасының қызметі мектепке дейінгі білім беруде инновациялық технологиялар мен жобалық жұмыстарды табысты енгізудің үлгісі ретінде атап өтілді. Сапар соңында қонақтар мекеме ұжымына алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1204694?lang=kk

Жауап қалдыру