
Цифрлық тосқауыл: Зайсан өңірінде полиция анонимді QR-көмек жүйесін енгізді
Шығыс Қазақстан облысында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан үшін!» тұжырымдамасын іске асыру аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды цифрландыру жобасы іске қосылды. Зайсан ауданының полициясы мен прокуратурасы отбасындағы мәселелерді ашық айтуға батылы бармайтын жандарға көмектесу мақсатында анонимді QR-байланыс жүйесін енгізді.
Бастаманың негізгі мақсаты — жәбірленушілерге қолжетімді әрі құпия байланыс арнасын ұсыну. Психологиялық кедергілер мен оқиғаның жария болып кетуінен қорқу сезімі көбінесе құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінуге кедергі болады.
Жаңа формат алғашқы кеңес алу кезеңінде жеке деректерді жария етпей-ақ, білікті көмек пен нақты іс-қимыл алгоритмін алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда полиция ақпараттық қамту жұмыстарын барынша жүргізді: QR-код жазылған парақшалар Зайсан өңіріндегі халық көп жиналатын орындарда — қоғамдық көліктерде, дәріханаларда, дүкендер мен әлеуметтік нысандарда орналастырылды.
Бұл тәжірибе — заманауи технологияларды халыққа жедел көмек көрсету үшін қолданатын полицияның сервистік жұмыс моделіне көшуінің практикалық қадамы болып табылады.
ШҚО Полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзуге болмайтындығы туралы ескертеді. Егер сіз қиын жағдайға тап болсаңыз, жалғыз қалмаңыз. Көмекті анонимді түрде QR-код арқылы немесе тәулік бойы жұмыс істейтін «102» нөміріне қоңырау шалу арқылы алуға болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1204686?lang=kk

Жауап қалдыру