
Қарағандылық Данияр Шарабадин ұлттық киберфутбол лигасы — eKPL-дің алғашқы чемпионы атанды. Турнирдің гранд-финалы Қарағандыда өтіп, елдің ең мықты ойыншыларын жинады.

Лиганың алғашқы маусымы үш кезеңнен тұрды: клубтық іріктеу, онлайн-чемпионат және Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен әсерлі LAN-финал. Шешуші кезеңде «Шахтёр», «Қайрат», «Ұлытау», «Ертіс», «Атырау», «Қайсар», «Астана» және «Жеңіс» клубтарының өкілдері бақ сынады. Ойындар плей-офф жүйесінде BO1 форматында, әр тайм тоғыз минуттан өтіп, қателікке жол берілмейтін тартысты жағдайда өтті.

Турнирдің шарықтау шегі гранд-финал болды. Онда Олжас Есентаев («Қайрат») пен Данияр Шарабадин («Шахтёр») кездесті.

Қарағандылық ойыншы сенімді жеңіске жетіп, чемпион атағын және Англияда мамыр айында өтетін eChampions League халықаралық турниріне жолдама алды.

— Мен футболмен он жылдан бері айналысамын, ал өткен жылдан бастап киберфутболда өзімді сынап көре бастадым. Классикалық футболда нәтиже көп жағдайда командаға байланысты болса, мұнда бәрі өз қолыңда — жеңіс те, жеңіліс те. Қызығы да осында, — деді Данияр Шарабадин.

Жоба серіктестерінің бірі Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы болды. Ұйым өкілдері киберспорттың болашағы зор екенін атап өтеді.

— Киберспорт — жай ғана ойын емес, бұл — жаңа индустрия әрі футболдың жаңа форматы. Ол талдауды, жылдам ойлауды талап етеді. Жеңіске жету үшін тыңғылықты дайындық, тәртіп пен табандылық қажет, — деді QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаев.

Финалға Phygital CyberLeague жобасының қатысушылары да келді. Бұл — цифрлық және дәстүрлі спорт түрлерін біріктіретін фиджитал-спорттың жаһандық қозғалысының бір бөлігі.

Мұндай формат жас спортшыларға өзін бірден екі ортада — виртуалды және физикалық кеңістікте көрсетуге мүмкіндік береді.

— eKPL футболдың тек алаңда ғана емес, цифрлық ортада да дамып жатқанын көрсетеді. Футзал немесе жағажай футболы сияқты, киберфутбол да жаңа аудиторияны тартатын бағыттардың біріне айналуда, — деді Қазақстан футбол федерациясының өкілі Әлішер Қайырбеков.

eKPL-дің алғашқы маусымы елдегі киберфутболды дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Ол бұл бағыттың тек көрермені ғана емес, толыққанды бәсекелік әлеуеті бар екенін көрсетті.


Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1205252?lang=kk

Жауап қалдыру