
Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі заттарын өткізді деген күдікпен азаматты ұстады. Ол — жұмыссыз 23 жастағы Ақмола облысының тұрғыны. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жас жігіт бір айдан аспайтын уақыт ішінде психотроптық заттарды «жасырын орындар» арқылы таратумен айналысқан.
Полицейлер күдіктіні Петропавл қаласындағы Набережная көшесінде ұстады. Одан көзілдірік қорабынан ұнтақ тәрізді зат салынған 14 орама және қалтасынан тағы 60 орама тәркіленді. Сараптама нәтижесі бойынша, тәркіленген заттың жалпы салмағы 64,1 грамм болатын α-PvP синтетикалық есірткісі екені анықталды. Осылайша 200-ден 250-ге дейін бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуінің жолы кесілді.
Медициналық куәландыру күдіктінің психотроптық заттарды қолданғанын көрсетті. Қазіргі уақытта оған қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1205610?lang=kk

Жауап қалдыру