
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Розыск» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Оған шамамен 250 полиция қызметкері жұмылдырылып, 19 мобильді топ құрылыс нысандарын, хостелдерді, жалдамалы пәтерлерді және іздеуде жүрген адамдар болуы мүмкін өзге де орындарды тексерді.
15 сәуір күні кешке 15 жастағы жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түсті. Бірнеше сағаттан кейін полицейлер оны Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінің маңынан тапты. Оның айтуынша, жасөспірім достарымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Бұған дейін ол бірнеше рет үйінен кетіп қалған, бұзақылық пен ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның пікірінше, онымен профилактикалық жұмыс жүргізу мүмкіндігі таусылған, қазіргі уақытта оны арнайы оқу орнына жолдау мәселесі қаралуда.
Сондай-ақ іс-шара барысында полицейлер ресейлік әріптестерімен өзара іс-қимылды күшейтті. Нәтижесінде Омбы қаласында Аққайың ауданында мал ұрлады деген күдікке ілінген азамат ұсталды. СҚО аумағында екі күн ішінде 16 қылмыскердің жүрген жері анықталды, оның ішінде 13-і ТМД елдері бойынша іздеуде болған. Ұсталғандардың қатарында алаяқтық, ұрлық, көлік айдап әкету, пара беру және өзге де қылмыстар бойынша сотталғандар мен күдіктілер бар.
Мәселен, полицейлер 2016 жылы аса ірі алаяқтық үшін 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген 46 жастағы ер адамның орналасқан жерін анықтады. Ол Астана қаласының екі тұрғынын алдап, бірінен 900 мың теңге, екіншісінен пәтерін иемденген. 2017 жылы Петропавлда тұрып, жазасын өтеуден жалтарған. Содан бері полицейлер оны іздестіруді тоқтатпай, аталған іс-шара барысында елордада ұстады.
Полицейлердің жұмысы криминогендік жағдайды тұрақтандыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1205602?lang=kk

Жауап қалдыру