
Железин ауданының мектеп кітапханаларында Ұлттық кітап онкүндігі аясында оқуды насихаттауға және оқушыларды халқымыздың бай әдеби мұрасымен таныстыруға бағытталған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауқымды шара ауданның 28 мектеп кітапханасында өткізіліп, оған 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар белсене қатысты.
Онкүндік «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» атты республикалық жоспар аясында жүзеге асырылды. Осы бағытта оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға арналған түрлі танымдық және шығармашылық іс-шаралар өткізілді. Соның бірі – «Әнге қосам, жырға қосам мен сені…» атты әдеби кеш болып, онда оқушылар поэзия мен көркем сөздің құдіретін терең сезініп, рухани әсер алды.
Іс-шаралар барысында мектеп кітапханаларында кітап көрмелері, әдеби сағаттар, тақырыптық әңгімелер, викториналар және қазақ және отандық авторлардың шығармаларына арналған шолулар ұйымдастырылды. Бұл шаралар оқушылардың әдеби білімін кеңейтіп, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, 5-сынып оқушылары арасында Ұлттық кітап күніне арналған библио-квиз өткізіліп, қатысушылар өз білімдерін сынға салып, әдеби шығармалар жөніндегі танымдарын тереңдетті.
Кітаптарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Кітап ауруханасы» акциясы да ұйымдастырылды. Бұл шара барысында оқушылар зақымданған және ескі кітаптарды қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысып, кітапқа деген жауапкершілік пен қамқорлықтарын көрсетті.
Онкүндік аясында ұлттық құндылықтарды, тарих пен мәдениетті насихаттайтын шығармаларға ерекше көңіл бөлінді. Мұндай мазмұнды іс-шаралар оқушылардың рухани дүниесін байытып, дүниетанымын кеңейтуге және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етті.
Кітап – білімнің сарқылмас қазынасы, даналық пен шабыттың бастауы. Железин ауданы оқушыларының кітапқа деген сүйіспеншілігі олардың жарқын болашағына жол ашары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1205368?lang=kk

Жауап қалдыру