Еңбек қатынастарының белгілері болған жағдайда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды (АҚШ) жасасуға тыйым салу туралы.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейту үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 27-бабына 1-1-тармақпен мынадай толықтыру енгізілді:

«1-1. Егер азаматтық-құқықтық шартта еңбек шартының осы Кодекстің 27-бабында көзделген ерекше белгілерінің ең болмағанда біреуі болса, жеке тұлғамен осындай шартты жасасуға жол берілмейді.

Еңбек шартының осы Кодекстің 27-бабында көзделген бір немесе бірнеше ерекше белгісін қамтитын шарт тараптардың оны нақты қалай атайтынына қарамастан, еңбек шарты деп танылады және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес құқықтық салдарға алып келеді.»

 Жеке тұлғамен еңбек шартын жасасу оған әлеуметтік қорғау алуға мүмкіндік береді, оның ішінде еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақы төлемдерін қамтиды. Бұған жұмыс беруші тарапынан жеке зейнетақы шотына аударымдар жасау, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы алу, ақылы еңбек демалысын алу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу және басқа да құқықтар жатады.

Осылайша, еңбек қатынастарын тиісінше рәсімдеу арқылы ресми жұмысқа орналасу қызметкер үшін заңнамада көзделген толық әлеуметтік пакет алудың кепілі болып табылады.

Алайда еңбек шарты жасалмай жұмысқа жіберілген бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар еңбекақының кепілді төлемін де, әлеуметтік қорғаудың өзге де шараларын да ала алмайды.

Тәжірибе көрсеткендей, қызметкерлердің өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінген кезде талаптарының қанағаттандырылмауының негізгі себептерінің бірі – тиісті түрде рәсімделген еңбек шартының болмауы. Сонымен қатар тәжірибеде, әсіресе құрылыс саласында, жұмыс берушілер жеке тұлғаларды белгілі бір құрылыс жұмыстарын орындауға азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету шарттары) негізінде тартады. Мұндай тәсіл жұмыс берушіге қызметкерге әлеуметтік қорғау шараларын ұсынудан жалтаруға мүмкіндік береді, соның ішінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, зейнетақы аударымдарын жүргізу және басқа да міндеттемелер.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 10-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі.

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды. (Кодекстің 21-бабының 1-тармағы).

Кодекстің қолданыстағы 27-бабына сәйкес еңбек шартының басқа шарт түрлерінен айрықша белгілері мыналар:

1) жұмыскердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;

2) міндеттемелерді еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындауы;

3) жұмыскердің еңбегі үшін жалақы алуы шарттардың өзге түрлерінен еңбек шартының ерекше белгілері болып табылады.

 Сондай-ақ еңбек шартында Кодекстің 28-бабында көзделген тармақтар болуы тиіс.

Өз кезегінде, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (бұдан әрі – АҚШ) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі. Қызметтерді ақылы көрсету шарты азаматтық-құқықтық шарттардың бір түріне жатады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 683-бабының 1-тармағына сәйкес, өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгiлi бiр iс-әрекет жасауға немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыруға) мiндеттенедi, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге мiндеттенедi.

Сондай-ақ еңбек қатынастарының тараптары қызметкер мен жұмыс беруші болып табылатынын (Кодекстің 19-бабы), ал қызметтерді ақылы көрсету шартының тараптары тапсырыс беруші мен орындаушы екенін ескеру қажет.

Еңбек шартынан айырмашылығы, қызметтерді ақылы көрсету шартында белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс істеу шарттары, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер, өтемақы төлеу тәртібі, сақтандыру шарттары көрсетілмейді.

Осылайша, егер қызметтерді ақылы көрсету шартында Кодекстің 27-бабында көрсетілген белгілердің ешқайсысы болмаса, тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істей алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abai-enbek/press/news/details/1205351?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді