Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (бұдан әрі – ҚСЗИ) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен (бұдан әрі – ҚСжАЕАЖК) бірлесіп «Құқық қорғау жүйесінің цифрлық трансформациясы және жасанды интеллект: Қазақстан Бас прокуратурасының тәжірибесі» атты талдамалық шолуды таныстырды.
Жарияланым Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің трансформациясын алғаш рет жүйелі түрде көрсетеді – есеп жүргізудің дәстүрлі цифрландыруынан бастап үлкен деректерді талдау мен жасанды интеллект технологияларына негізделген құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің проактивті моделін енгізуге дейін.
Бұл тек процестерді цифрландыру туралы ғана емес. Қазақстан қылмыстық қауіптерді ерте анықтау мен болжауға негізделген қауіпсіздіктің мүлде жаңа архитектурасын қалыптастыруда.
Аталған шолу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының міндеттерін көрсетеді және заманауи, технологиялық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағдар болып табылады.
Шолу жүргізіліп жатқан реформалардың ғылыми дәлелі болып, құқық бұзушылықтарға әрекет етуден оларды алдын алуға көшу парадигмасын нақты бекітеді.
Жарияланым халықаралық сарапшылық қауымдастық үшін Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде озық тәсілдерді енгізіп отырған мемлекет ретіндегі тұтас бейнесін қалыптастырады.
Сонымен қатар, құқық қорғау саласының цифрлық трансформациясының жүйелі көшбасшысы ретінде Бас прокуратураның рөлі ерекше атап өтіледі, ол талдау мен жасанды интеллектті енгізу стандарттарын айқындайды.
ҚСЗИ зерттеу қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерді ауқымдауға бағытталған практикалық шешімдер кешені ұсынылды.
Шолу халықаралық ғылыми айналымға енгізіліп, білім беру және сараптамалық ортада пайдалануға қолжетімді.
Жарияланым халықаралық сарапшылар қауымдастығына арналған «Insights Central Asia» платформасында ағылшын тілінде орналастырылған.
Бұған дейін ағымдағы жылдың наурыз айында Бас прокуратура өзінің ресми интернет-ресурстарында Вена қаласында өткен БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 69-сессиясы аясында Қазақстан Бас прокуратурасының есірткі қылмысына қарсы цифрлық шешімдері таныстырылғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, жасанды интеллектті қолдану, құқық бұзушылықтарды цифрлық анықтау құралдары және интерактивті сервистер (чат-боттар) көрсетілді.
Ұсынылған тәсілдер шетелдік ұйымдар мен бейінді ведомстволар тарапынан практикалық қызығушылық тудырып, тәжірибе алмасуға және жекелеген шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін талқылауға ықпал етті.
Қазақстан БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 2026–2029 жылдарға арналған мүшесі ретінде осы халықаралық алаңда есірткі қылмысына қарсы жаңа бастамаларды ілгерілетуді, сондай-ақ отандық цифрлық құралдарды ауқымдауды жалғастыруға ниетті.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 17 сәуірде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңестің отырысында ҚСжАЕАЖК-тің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы анықтаған цифрлық қатерлердің жаңа түрлері талқыланғаны туралы бұрын хабарланған болатын.
Мәселен, өткен жылы Орталық Ұлыбританияда, Жаңа Зеландияда және Таиландта алаяқтар тарапынан SMS-бластерлерді (бір мезгілде көптеген нөмірлерге жаппай SMS-хабарламалар жіберуге арналған құрылғы) пайдалану үрдісі анықталғанын хабарлаған.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД елдері арасында алғаш болып осындай жабдықты анықтап, тәркіледі. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1205888?lang=kk

Жауап қалдыру