
🎉 Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен білім мен ғылым додасында оза шауып, облыстық олимпиаданың жеңімпаздары атанған жас дарындарды ұлықтауға арналған салтанатты бас қосу өтті. Бұл іс-шара ауданның білім саласындағы жетістіктерін саралап, үздік оқушылар мен ұстаздардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталды.
📊 Мәртөк ауданының 9–11 сынып оқушылары жыл сайын республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2021 жылы ІІ орын, 2022 жылы ІІІ орын, 2023 жылы ІІІ орын иеленсе, 2026 жылы І орын иегері атанды. Бұл жетістік ауданның білім беру жүйесінің жүйелі жұмысының, ұстаздардың кәсіби шеберлігінің және оқушылардың тынымсыз еңбегінің нақты дәлелі болып табылады.
👩🏫Салтанатты жиын барысында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар арнайы марапатталды және оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен мұғалімдерді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мен аудан әкімі Медет Ысқақов құттықтап, алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады. Олардың еңбегіне ерекше ілтипат білдіріліп, кәсіби жетістіктері атап өтілді.
🎁 Сонымен қатар аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атынан 22 мұғалімге 50 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Бұл қадам ұстаздарға көрсетілген қолдау мен құрметтің айқын көрінісі болып, олардың еңбегін одан әрі ынталандыруға бағытталды.
🌟 Жалпы бұл салтанатты жиын Мәртөк ауданының білім саласындағы жетістіктерін айқындап қана қоймай, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттырып, ұстаз еңбегінің қоғамдағы мәртебесін тағы бір мәрте биіктетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-martuk/press/news/details/1206241?lang=kk

Жауап қалдыру