«Шаттық-2026»: елордада жас таланттардың гала-концерті өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанадағы Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт залында балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық-2026: батыл эксперименттер кеңістігі» қалалық шығармашылық байқауының гала-концерті өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Шаттық» – елордадағы балалар мен жасөспірімдерге арналған ең ірі шығармашылық жобалардың бірі. Жыл сайын ұйымдастырылатын байқау бұқаралық балалар шығармашылығын біріктіріп, жас ұрпақтың мәдени күн тәртібін қалыптастыруға бағытталған.

Биыл байқауға Астана қаласының білім беру ұйымдарынан 8 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысты. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 900-ден астам қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Гала-концерт «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясындағы «Шабыт» жобасының жылдық қорытындысы ретінде ұйымдастырылды. Бағдарлама тұлға дамуының негізгі құндылықтарын – жауапкершілік, жасампаздық, дәстүрді құрметтеу және болашаққа ұмтылысты көрсетуге бағытталды.

Кеш «Бір қала. Мың талант» атты видеоинтромен және біріккен хорлардың қатысуымен ашылды. Одан кейін бағдарлама бірнеше тақырыптық бөлім арқылы жалғасты: «Мұрадан болашақ Астанаға» бөлімінде дәстүр мен заманауи өмір сабақтастығы көрсетілсе, «Үміттің мөлдір сәулесі» жеке таңдау мен құндылықтарға арналды. «Жауапкершілік коды» арқылы азаматтық ұстаным мен қоғамдағы рөл мәселесі қозғалды. Ал «Сөзден туған әлем» оқу мәдениеті мен ойлаудың маңызын ашты. Концерт «Digital-дәуір» бөлімімен түйінделіп, онда адам мен технологияның өзара әрекеттесуі көрсетілді.

Бағдарламада вокалдық, хореографиялық, театрлық және көркем қойылымдар ұсынылды. Қатысушылар шығармашылық жолдағы алғашқы қадамдардан бастап, саналы таңдау мен азаматтық жауапкершілікке дейінгі даму кезеңдерін сахна арқылы көрсетті.

Гала-концерттің ерекшеліктерінің бірі – заманауи сахналық шешімдердің қолданылуы. Атап айтқанда, кеш барысында виртуалды жүргізуші – «Шаттық» атты AI-кейіпкер көрерменге ұсынылды. Бұл өнер мен технологияның үйлесімін көрсетуге бағытталған.

Іс-шара финалында барлық қатысушы бірігіп, шығармашылық, достық және болашаққа ұмтылысты бейнелейтін қорытынды қойылым көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1206197?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді