Көкшетауда ірі әлеуметтік нысандар салынуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс қарқынымен танысты.

Сарыарқа шағын ауданында өңір басшысы инклюзивті спорт орталығының құрылыс алаңына барды. Жоба бойынша жалпы ауданы 3 600 шаршы метр болатын, күніне 300 адам қабылдауға арналған заманауи нысан салу көзделген. Ғимаратта бассейн, спорт залдары, үстел ойындары қарастырылып, ересектер мен балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етіледі.

«Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар шамамен 14,5 мың бала тұрады, оның ішінде 3,7 мыңы мүгедектігі бар балалар. Облыс инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны бойынша көш бастап тұр, бүгінгі күні олардың саны 128-ге жетті. Ата-аналардың сұранысын ескере отырып, инклюзивті спорт орталығында аутизмі бар балалар да айналысатын болады», – деді Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанаргүл Баймақова.

Көпсалалы облыстық аурухананың құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. 630 төсек-орынға арналған медициналық нысанды пайдалануға беру халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, қолданыстағы аурухананың ескірген корпустарын алмастырады.

Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізілуде: бетон жұмыстары 99% орындалған, қалқалар мен ішкі инженерлік желілерді монтаждау, қасбеттік және сылақ жұмыстары атқарылуда. Жоба аясында заманауи медициналық жабдық орнату қарастырылған. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың мамыр айына жоспарланған.

Облыс әкімі сондай-ақ 150 адамға арналған оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты. Бұл жоба мамандандырылған медициналық көмек пен оңалту қызметтерін көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жобада емдік-жүзу бассейні, спорт және акт залдары, стационар, үш қабатты оңалту корпусы қарастырылған.

«Осындай маңызды жобаларды жүзеге асыра отырып, біз облыс тұрғындары үшін заманауи, қолжетімді және тиімді инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Барлық азаматтарға тең жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде, бұл ретте ірі қалалардағы құрылыс тәжірибесі мен тұрғындардың тілектері ескерілуде», – деп қорытындылады Марат Ахметжанов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1206344?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді