
RES-2026 Өңірлік экологиялық саммиті аясында вице-министр Ж.Әлиев ЮНИДО-ның Энергетика және климаттық іс-қимыл департаментінің директоры Гонейм Рана ханыммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында вице-министр Қазақстанның Озон қабатын қорғау туралы Вена конвенциясы және Монреаль хаттамасы шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерді дәйекті түрде орындап отырғанын атап өтті.
Елде озонды бұзатын заттарды реттеудің кешенді жүйесі жұмыс істейді. Ол лицензиялауды, импорт пен экспортты бақылауды, квоталауды және есептілікті қамтиды. Бұл шаралар аталған заттарды кезең-кезеңімен қысқартуға және оларды толықтай айналымнан шығаруға, сондай-ақ қауіпсіз баламаларға көшуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында қауіпті қалдықтарды басқару мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тараптар заңнаманы жетілдіру, зертханалық әлеуетті дамыту, құрамында сынабы бар қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ сынап жөніндегі Минамата конвенциясына ықтимал қосылуға дайындық бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Тараптар ЮНИДО-мен серіктестікті одан әрі дамыту Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға және орнықты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1206756?lang=kk

Жауап қалдыру