
Сарыағаш ауданында шипалы минералды және термалды суларды тиімді пайдалану негізінде сауықтыру туризмі қарқынды дамып келеді. Бүгінде шипалы суымен кеңінен танылған Сарыағаш шипажайларына келушілер саны жыл сайын артып, бұл салаға деген сұраныс жоғары деңгейде қалыптасуда. Осыған байланысты ауданда жаңа сауықтыру нысандары кезең-кезеңімен іске қосылуда.
Аталған бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекенінде «Uzak Zhasau» шипажайы іске қосылды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, лентасын қиды. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі, жеке кәсіпкер Құрбанкүл Маханованың алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа шипажай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және барлық талаптарға толық сай келеді. Нысан бір мезетте 80–100 адамды қабылдауға қауқарлы. Жобаның жалпы құны 780 миллион теңгені құрайды. Шипажайда келушілерге емдік-сауықтыру процедуралары, тынығу және денсаулықты қалпына келтіруге арналған барлық жағдай жасалған. Аталған нысанның іске қосылуы нәтижесінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізуде.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1207459?lang=kk

Жауап қалдыру