Адал азамат – адал еңбек – адал табыс

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Аққулы ауданы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес Шарбақты мектебінде «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» атты аудандық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол іс-шараға 150 педагог, 60 ата-ана және 160 оқушы қатысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Семинардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарында «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімді жолдарын талқылау, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, адалдық және отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыру болды. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ пен мемлекеттік қызметшілер арасында парасаттылық, әділдік және адал еңбек идеясын насихаттау мәселелері де кеңінен қамтылды.

Іс-шара аясында мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор түрлі алаңдар ұйымдастырылды. «Қыран» ағалар клубының мүшелері ұлттық спорт түрлерін насихаттап, «Садақ ату» мен «Көкпар» ойындарын көрсетті. Қонақтар назарына ұсынылған түлектер аллеясы мен «Эксклюзивті қолдан жасалған бұйымдар» көрмесінде киізден жасалған ұлттық қолөнер туындылары таныстырылды.

«Ұлттық құндылықтар» бағыты бойынша шеберлік сағаттары өткізіліп, «Ана қолынан шыққан тәттілер» атты жәрмеңке ерекше әсер қалдырды. «Қыран» ағалар және «Мирас» ұлдар клубы қамшы өру өнерін көрсетіп, «Қазақша күрес», «Асық ату», «Бес асық», «Тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық ойындарды дәріптеді.

Заманауи бағыттағы жобалар да назардан тыс қалмады. «Смарт бала» және «Шабыт» жобалары аясында «Асыл көже», «Эко шебер» алаңдары ұйымдастырылып, «Қазіргі заманда адал еңбекпен байып кету мүмкін бе?» тақырыбында дебат ойыны өтті. Сонымен қатар, оқушылар «Математикалық қазына» квест ойынына қатысып, білімдерін сынады.

Кешкі бағдарлама «Бірлігіміз – береке, еңбегіміз – мереке» атты өнер кешімен жалғасты. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық көрініс қойылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, «Түлкі мен тырна» қойылымы арқылы оқушылар адамгершілік құндылықтарды көркем түрде жеткізді.

Аталған семинар – адалдық пен еңбекқорлықты дәріптейтін, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Осындай тағылымды кездесулер жас буынның санасына ізгілік дәнін сеуіп, ел болашағының берік негізін қалары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1207789?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді