
Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан медицина қызметінің полковнигі Жақсымбет Бекзатович Копбаевқа арнайы барып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында Марғұлан Аманбаев ардагерге ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы елеулі еңбегі мен адал қызметіне шынайы алғысын білдіріп, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігі әрдайым өшпес өнеге болып қала беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, Жақсымбет Бекзатұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» медалімен марапатталды.
2026 жылғы 26 сәуірде Чернобыль апатының орын алғанына 40 жыл толады. Бұл — адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Қайғылы оқиға миллиондаған адамдар үшін ауыр сынақ болып, тұтас ұрпақтардың тағдырына өшпес із қалдырды.
Мұндай кездесулер — өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, ел алдындағы борышын абыроймен атқарған азаматтарға деген терең құрметтің көрінісі. Олардың ерлігі тарих бетінде және ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-karaganda/press/news/details/1207871?lang=kk

Жауап қалдыру