ШҚО ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ИГОРЬ ПЕТРОВИЧ ЗАМЯТИН ӨМІРДЕН ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 20 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан ардагер маман, білікті басшы Игорь Петрович Замятин дүниеден өтті.

Игорь Петрович 1938 жылғы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын білім беру саласынан бастап, Өскемен педагогикалық институтын тәмамдаған соң математика және физика пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Алғашқы еңбек жылдарының өзінде-ақ оның жауапкершілігі жоғары, талапшыл әрі өз ісіне адал маман екені айқын көрінді.

Кейінгі жылдары оның кәсіби жолы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты болды. Партиялық органдарда және түрлі басшылық лауазымдарда еңбек ете жүріп, ол мол басқарушылық тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибесін Игорь Петрович еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын дамытуға бағыттады.

Ол Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік еңбек инспекциясы жүйесінің қалыптасу кезеңінде еңбек етіп, оның іргетасын қалаушылардың бірі болды. Көп жылдар бойы еңбек қатынастары саласында заңдылықтың сақталуына, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуына және қызметкерлердің құқықтарының қорғалуына зор үлес қосты. Әлеуметтік әділдік пен еңбек адамының құқығын қорғау – оның қызметінің басты қағидаттарының бірі болды.

Игорь Петрович ұзақ жылдар бойы ШҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшылығы құрамында қызмет атқарып, жоғары кәсібилігімен, принципшілдігімен және әділдігімен ерекшеленді. Ол тек білікті басшы ғана емес, сондай-ақ көптеген мамандардың қалыптасуына ықпал еткен тәлімгер болды.

Ерен еңбегі ескеріліп, Игорь Петрович мемлекеттік наградалармен марапатталған. Олардың қатарында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған мерейтойлық медаль, сондай-ақ салалық құрмет грамоталары бар.

Игорь Петрович Замятиннің бүкіл саналы ғұмыры адамдарға қызмет етуге, олардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге арналды. Оның еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы кейінгі буынға үлгі болып қала береді.

Марқұмның жарқын бейнесі әріптестері мен оны жақыннан таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-enbek/press/news/details/1207949?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді