Өңір басшысы Орынборда өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі талқыланған конференцияға қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Орынбор қаласына барды. Мұнда Қазақстан мен Ресей делегацияларының кездесулері өтті.

«Ресей мен Қазақстанның ұлттық мақсаттары: даму және ынтымақтастық бағыттары» тақырыбындағы конференцияға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев, Қазақстанның вице-министрлері, сондай-ақ шекаралас өңірлердің өкілдері, соның ішінде Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының делегациялары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар шекара маңындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар логистиканың тиімділігін арттыру, тауар айналымын ұлғайту және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин жүргізіп отырған дәйекті саясат жағдайында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мен шекаралық байланыстарды нығайтудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол өңірдің шекара маңындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөніндегі ұстанымын таныстырып, Ресей өңірлерімен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындады.

Өңір басшысы «Ақтөбе–Орынбор» әуе қатынасын қайта жандандыру қажеттігін де атап өтті. Оның айтуынша, тікелей рейс жол уақытын 40–60 минутқа дейін қысқартып, іскерлік, туристік және гуманитарлық байланыстардың дамуына маңызды серпін береді.

Сонымен қатар ол «Сағаршын» өткізу бекетін жаңғырту мәселесін көтерді. Қазақстан жағындағы жол инфрақұрылымының дамуына қарамастан, Ресей тарапындағы шектеулер салдарынан кептелістер туындап, өткізу қабілеті төмендеп отыр.

Осыған байланысты Асхат Шахаров бекетті қайта жаңғыртуды жеделдетуді, оның жұмысын көршілес инфрақұрылыммен үйлестіруді және электронды кезек пен алдын ала декларациялау сияқты цифрлық шешімдерді енгізуді ұсынды. Бұл шараларды іске асыру шекарадан өту уақытын 30–50%-ға қысқартуға және тауар айналымын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы айтқанда, көтерілген бастамалар Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы көлік байланысын нығайтуға, экономикалық кооперацияны дамытуға және шекара маңындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1208546?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді