
Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, бүгінде бірегей халықтық қозғалысқа айналған жоба. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру.
Мемлекет басшысының сөзінше, былтыр республика бойынша 1200-ге жуық экологиялық іс-шара өтті, 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылды, шамамен 4 миллионға жуық тал егілді.
Бүгінгі телемост барысында Мемлекет басшысының жануарларға жауапкершілікпен қараудың маңызы туралы айтқан сөздері ерекше назар аудартты. Жануарларға қатыгездік танытқан қазақстандықтарды қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту қажет екені атап өтілді. Оның ішінде тек үй жануарлары ғана емес, қаңғыбас жануарлар да бар.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов телекөпір барысында Мемлекет басшысына өңірде жобаның жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Соңғы екі жылда ШҚО елдімекендерінде шамамен 250 мыңға жуық ағаш отырғызылды, ал орман қорында 40 миллионға жуық көшет бар. Аумақтарды тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді: 30 мың тонна қоқыс шығарылып, 7 мың гектардан астам жер ретке келтірілді. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 200-ден астам бұлақ пен өзен тазартылды.
Биыл тағы 18 миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Ал бүгін облыс бойынша сенбіліктерге 100 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 25 мың адам – ірі кәсіпорындардың қызметкерлері.
Мәселен, Үлбі металлургиялық зауыты аумағында 300-ге жуық қызметкер 100 шақты жас шырша мен шетен ағашын екті.
Жалпы, бүгін экогологиялық акцияларға қала және аудан тұрғындары, аула қауымдастықтары мен еңбек ұжымдары белсенді қатысуда. Олар өздері тұратын әрі еңбек ететін жерлерді тазалап, ағаш отырғызып, табиғатты көркейтуге үлес қосуда.
«Таза Қазақстан» Шығыс Қазақстанда жай ғана науқан емес, туған жерге жанашырлықпен қараудың тұрақты дағдысына айналды. Халықтың белсенділігіне қарап, бұл бастама алдағы уақытта да қарқынын арттыра беретіні анық», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығының бірқатар ауданын, соның ішінде саяжай алқаптары мен жеке тұрғын үй секторларын аралап шықты. Өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарын тыңдап, әркімнің өз ауласы мен аумағын таза әрі ұқыпты ұстауының маңызын еске салды.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті)

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1208642?lang=kk

Жауап қалдыру