
Қарағандыда салтанатты гарнизондық саптық жиын өтті. Жиын барысында адам өмірін арашалап қалғаны үшін патрульдік полиция қызметкерлері Жалғас Смағұлов пен Ғылымхан Қаратағанов әріптестері алдында марапатқа ие болды.
Оқиға 10 сәуір күні болған. Шұғыл шақырту бойынша жедел жеткен тәртіп сақшылары қызды дер кезінде байқап қалған. Жағдай қызметкерлердің өз өміріне де тікелей қауіп төндіргеніне қарамастан, олар батыл әрі шапшаң әрекет етіп, бойжеткенді қауіпті аймақтан алып шықты.
Қатты күйзеліс салдарынан қыз есінен танып қалған. Полицейлер абдырап қалмай, жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлер келгенге дейін оны есін жиғызды.
Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен сабырлылығын ерекше атап өтті.
— Мұндай әрекеттер – антқа адалдықтың және қызметтік борышқа беріктіктің жарқын көрінісі, — деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қаиров.
Салтанатты шараның әсерлі сәттерінің бірі – ерекше көзге түскен қызметкерлердің ата-аналарына алғыс хаттардың табысталуы болды. Департамент басшылығы ұлдарын лайықты тәрбиелегені үшін олардың отбасыларына шынайы ризашылығын білдірді. Сындарлы сәтте олар нағыз адамгершілік пен батылдықтың үлгісін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1208655?lang=kk

Жауап қалдыру