Ақсуат ауданының Қызыл кесік ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Ақсуат ауданының Қызыл кесік ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған жаңа нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өрт сөндіру бекетінде 1 өрт сөндіру көлігі, 1 жүргізуші және 2 қызметкер жұмыс істейді.

Бекет 2 тасымалды, 1 стационарлық және 1 мобильді радиостанциямен жабдықталған. Оның қызмет көрсету аймағына Қызыл кесік, Егіндібұлақ және Үштөбе ауылдары, сондай-ақ, 40-тан астам қыстақ (шаруа қожалықтары) кіреді. Жалпы алғанда, 736 тұрғын үй мен 2072 адам қамтылған.

Ауылдық округ аумағында өрт сөндіру қажеттіліктері үшін 35 өрт гидранты қарастырылған. Бекет қарауындағы аумақта дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша және жергілікті атқарушы органдардың ғимараттары орналасқан.

Аймақ басшысы өрт сөндіру бекетінің ашылуы өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды нысан екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деп айрықша атап өткен болатын. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген жоғары баға әрі үлкен сенім. Осыған орай, Абай облысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2023-2026 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайтылды. Соның нәтижесінде заманауи, аса қажетті техникалар сатып алынды. Бүгін ашылып отырған Қызылкесік ауылындағы өрт сөндіру бекеті – осындай жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан өрт сөндіру техникасын, құрал-жабдықтарды және жеке құрамды орналастыруға толық мүмкіндік береді. Бекет қажетті техникамен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген», – деді Берік Уәли.

Шара барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «НС-ЕРТАЛ» ЖШС директоры Ернар Набиоллаевты азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісімен, Ақсуат ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктері жүргізуші-қызметкері Серікжан Әміров министрліктің Грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, Ақсуат ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Нұрболат Ербаев пен Қызыл кесік ауылдық округінің әкімі Әділбек Қабдоловқа облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Жалпы облыс бойынша 326 елді мекен бар. Оның ішінде 90-ы мемлекеттік өртке қарсы қызметтің, ал 170-і «Ауыл құтқарушылары» бекеттерінің қорғауында. Қазіргі таңда өңірде аталған бағдарлама аясында 75 бекет жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін қосымша 12 бекет ашу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1208741?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді