
Бішкек, 2026 жылғы 25 сәуір – Вегетациялық кезең алдында Орталық Азиядағы су-энергетикалық жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесуге Қырғызстанның энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы министрлері Журабек Мирзамахмудов пен Шавкат Хамраев, сондай-ақ Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Далер Джума қатысты.
Маңызды басқосуға Қазақстан делегациясын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бастап барды. Жиынға «KEGOC» АҚ жүйелік операторы мен «ЖЭК жөніндегі ҚЕО» ЖШС басшылығы, сондай-ақ серіктес елдердің су саласына жауапты ведомстволарының өкілдері де қатысты.
Кездесуде өңір елдерінің өзара міндеттемелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар Орталық Азиядағы энергожүйелердің тарихи тұрғыдан өзара тығыз байланыста екенін атап өтіп, бір елдегі тұрақсыздықтың бүкіл макроөңірге әсер ететінін жеткізді.
Қазақстан тарапы электр энергиясы тапшылығы байқалып отырған Қырғыз Республикасының энергожүйесіне қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы сәуір аралығында Қырғызстанға 1 560 млн кВт·сағаттан астам электр энергиясы жеткізілген.
Министрдің сөзінше, бұл электр энергиясы алмасуы алдағы жазғы маусымға қажетті су қорын жинақтау үшін Тоқтоғұл су қоймасындағы деңгейдің сақталуына мүмкіндік берген. Сонымен қатар, ол өңірдегі тұрақты тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін барлық тараптың бұрын жасалған су-энергетикалық келісімдерді қатаң сақтауы маңызды екенін атап өтті.
Сарапшы топтар кеңес барысында техникалық мәселелер бойынша консультациялар өткізіп, деректермен алмасты. Алдағы кезеңдегі жүктемелерді нақты жоспарлау қажеттілігі ескеріліп, тараптар энергожүйелердің жұмыс режиміне қатысты техникалық параметрлер мен цифрлық көрсеткіштерді келісу бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды нақтылау және өзара іс-қимылды одан әрі үйлестіру мамыр айында Ташкентте және маусым айында Бішкекте өтетін алдағы министрлер кездесулерінде жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1208763?lang=kk

Жауап қалдыру