
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында өңірде өткен ағаш отырғызу бойынша ауқымды экологиялық акцияға қатысты. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен, қоғамдық кеңестердің мүшелерімен, қоғамдық бірлестіктердің, еңбек ұжымдарының өкілдерімен, студенттер мен жастармен бірлесіп, Анет баба атындағы орталық мешіттің жанындағы саябаққа ағаш отырғызылды.
Акция аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен телекөпір өтті. Президент қазіргі экология тек климат мәселесі емес екенін атап өтті: «Бұл таза ауа мен қауіпсіз су, құнарлы жер мен сенімді азық-түлік жүйесі, қауымдастықтардың тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың әл-ауқаты туралы. Бұл сондай-ақ ақыл-ойдың анықтығына, әлеуметтік үйлесімділікке және адамдардың бақытына да қатысты».
Өз кезегінде Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды қалыптастыру екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы жариялаған бастамаға қатысу тазалық пен тәртіпке тек мемлекет қана емес, әрбір тұрғын да жауапты екенін түсінуге көмектеседі. Бұдан бөлек, акция қоғамның бірігуіне ықпал етеді, сонымен қатар өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі болып табылады. Осылайша жауапты экологиялық сана қалыптасады, бұл біздің еліміздің табысты және салауатты болашағы үшін негіз қалыптастырады» – деп атап өтті мәслихат төрағасы.
Мұндай іс-шараларды өткізу халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде қоғамның күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыс облыстық мәслихатта жүйелі негізде жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karagandinskoy-oblasti/press/news/details/1208783?lang=kk

Жауап қалдыру