
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Маңғыстау облысының Қарақия ауданында қоршаған ортаны көгалдандыруға бағытталған «Жасыл желек» науқаны ұйымдастырылып, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Игі бастама аудан аумағындағы елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл аймақтарды ұлғайтуға бағытталды.
Аталған науқан аясында Қарақия ауданына қарасты 7 ауылдың барлығында тал егу жұмыстары жүргізілді. Шараға аудандық мекемелер мен бөлім қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Көгалдандыру жұмыстары барысында өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделген ағаш түрлері отырғызылды. Атап айтқанда, дуя, павлония, акация және қара ағаш көшеттері егілді. Бұл ағаш түрлері желге төзімділігімен, тез өсу қабілетімен және экологиялық тұрғыдан тиімділігімен ерекшеленеді. Жалпы аудан бойынша отырғызылған ағаш көшеттерінің саны 370-ті құрады. Егілген жас көшеттерді күтіп-баптау, суару және сақтау мәселелері тиісті мекемелердің тұрақты бақылауына алынған.
Сондай-ақ, «Жасыл желек» науқаны алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі мақсат-өңірдің жасыл қорын көбейту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1208942?lang=kk

Жауап қалдыру