
Бүгін Сауран ауданында «Қауіпсіз балалық шақ» атты ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты қоғамдағы ана мен баланың құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және психологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығын нығайту.
Форумға аудан әкімдігі, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, діни сала өкілдері, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. Іс-шара қатысушыларды тіркеу рәсімінен басталып, арнайы көрмемен жалғасты. «Шаттыққа толы кездесу» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Сенім мен мейірім мекені» атты сахналық көрініс көрсетіліп, бала тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың маңызы көркем түрде бейнеленді.
Форумның ашылу салтанатында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, бала қауіпсіздігі мен отбасы институтын нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Негізгі бөлімде бірқатар спикерлер өз баяндамаларын ұсынды. Сауран ауданы білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков білім беру ұйымдарындағы педагог-психологтардың ата-аналармен бірлескен жұмыстары туралы баяндама жасады.
Сауран ауданының прокуроры Алмаз Асылбеков «Заң – ата-ана мен баланың сенімді қалқаны» тақырыбында сөз сөйлеп, балалар құқықтарын қорғау бағытындағы заң талаптарына тоқталды.
Аудандық полиция бөлімі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Нартай Тойсұлу отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді.
Отбасы орталығының кеңесшісі, коуч Елжас Ертайұлы «Әр бала – бір әлем» және «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыптарында баяндама жасап, отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті. Бас имам Еркін Полатов «Исламдағы ата-ананың мәртебесі және бала тәрбиесінің маңызы» тақырыбында рухани-танымдық мазмұнда сөз сөйлеп, ата-ана жауапкершілігіне тоқталды.
Форум барысында ата-аналар тарапынан да пікірлер айтылып, «Ризашылық пен сенім» атты бөлімде ашық диалог ұйымдастырылды. Іс-шара қорытындысында қатысушылар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдағы өзара сенімді арттыру бағытында бірқатар ұсыныстар білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1208999?lang=kk

Жауап қалдыру