
Жаңа буын оқулығы: Функционалдық сауаттылық пен цифрлық әлем үндестігі!
«Алматыкітап» баспасы мен білікті педагогтар ұжымы бірлесе отырып, 9-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» (Т1) жаңа оқулық кешенін дайындауда. Бұл басылым — білім беру мазмұнын жаңарту жолындағы ауқымды ізденістің жемісі.
Оқулықтың басты ерекшеліктері:
PISA талаптары: Оқушының функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған инфографикалар, кестелер мен зерттеу тапсырмалары енгізілген.
Жасанды интеллект және этика: Цифрлық дәуірдегі ақпараттық гигиена мен ЖИ-мен жұмыс істеу мәдениетіне басымдық берілген.
Цифрлық формат: Оқулықтың аудио-видео материалдармен байытылған электрондық нұсқасы мен мұғалімдерге арналған жаңаша әдістемелік нұсқаулығы әзірленді.
«Тірі тіл» контексі: Грамматикалық ережелер құрғақ жаттау емес, шынайы өмірлік жағдаяттар арқылы берілген.
Ғылыми негіз және кәсібилік
Авторлар ұжымы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Педагогикалық ғылымдар академиясының 80 сағаттық арнайы курсынан өтіп, оқулықтану ғылымының заманауи әдіснамасын меңгерген. Қазіргі таңда қолжазба үшінші пәндік сараптамадан сәтті өтті.
Авторлар құрамы: Оқулықты әзірлеген — ғылым мен практиканы ұштастырған білікті мамандар:
Зейнулина Айман Файзулловна — «Торайғыров университеті» КеАҚ «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Халықаралық ақпарат академиясының академигі.
Жамбусинова Жанар Абаевна — Павлодар облысы, Железин ауданы, «Еңбекші негізгі жалпы білім беру мектебі» КММ қазақ және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», педагог-зерттеуші.
Сыздыкова Жанар Киноятовна — Павлодар облысы, Железин ауданы, «Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектебі» КММ мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші.
Шокаева Аигерим Алтынгазиевна — Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, «М.Әуезов атындағы ЖОББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші.
Жаңа оқулық кешені — ұлттық құндылықтар мен озық технологиялар тоғысқан, сапалы білім берудің жаңа сатысы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhelezin-bilim/press/news/details/1209195?lang=kk

Жауап қалдыру