
Нұра ауданында мәдени инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі — Нұра кентінде жаңа өнер мектебінің ашылуы болмақ.

Заманауи ғимарат балалардың шығармашылық дамуына арналған орталыққа айналады. Мұнда музыка, хореография және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Мектепте 100 орындық акт залы қарастырылған, онда концерттер, қойылымдар және өзге де мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Ғимараттың сыртқы келбетіне ерекше мән берілген: қасбеті ұлттық өрнектермен безендіріліп, айналасы абаттандырылады — шағын сәулеттік формалар орнатылып, ағаштар отырғызылады.

Жоспар бойынша, мектеп алғашқы оқушыларын осы жазда қабылдайды.

Ауданда сондай-ақ қолданыстағы мәдениет нысандарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жараспай ауылында биыл Мәдениет үйіне жөндеу жүргізу жоспарланған: шатыр ауыстырылып, инженерлік жүйелер жаңартылады, ішкі бөлмелер, соның ішінде баспалдақтар мен санитарлық тораптар ретке келтіріледі.
Бұған дейін осындай жұмыстар бірқатар елді мекендерде аяқталған. Байтуған ауылында Мәдениет үйі жөнделіп, қасбеті, жылу жүйесі, холл мен көрермен залы жаңартылды. Ал Кертінді ауылында ауқымды жаңғырту жүргізіліп, блок-модульді қазандық орнатылды, су құбыры мен кәріз жүйесі тартылып, жылу жабдықтары жаңартылды.

Соңғы жылдары көптеген мәдениет нысандары жаңғыртудан өтуде, ал бірқатар ауылдарда жаңа клубтар мен мәдениет үйлері ашылды.


Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1209492?lang=kk

Жауап қалдыру