
Шығыс Қазақстан облысында туристік маусымға дайындық жұмыстары күшейтілуде. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңесте қаралды.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, алдағы уақытта облысқа елдің өзге аймақтарынан және шетелден келетін туристер саны айтарлықтай артады.
Облыс әкімі туристік инфрақұрылымның дайындығына қалалар мен аудандар басшыларының жеке жауап беретінін атап өтті. Жобаларды дамыту ғана емес, сонымен қатар тазалық, қауіпсіздік және жайлылық сияқты негізгі талаптарды сақтау маңызды.
Самар жағалауына ерекше назар аударылды. Мұндағы демалыс базалары үшін бұған дейін мәселе болған тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату және жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстары бақылауда. Нысандарды орнатумен шектелмей, олардың әрі қарай тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы маңызды.
Өңір басшысы қысқа уақыт ішінде туристік аймақтарды ретке келтіруді тапсырды: стихиялық қоқыс үйінділерін жою, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын дайындау, инфрақұрылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу.
– Туристер ретсіз жағдайды көрмеуі тиіс. Жолдардан бастап қонақтарды орналастыруға дейінгі барлық мәселе жөнге келтірілуі керек, – деді әкім.
Қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Су айдындары орналасқан аудандарда муниципалды жағажайларды дайындау, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және демалыс орындарына кедергісіз жетуді ұйымдастыру қажет. Қазір бұл жұмыстар Ұлан ауданындағы Сібе көлдеріне баратын жолда жүргізілуде. Сондай-ақ аймақ басшысы туристік нысандарға апаратын жол белгілерін орнату жұмысын күшейтуді тапсырды.
Алтай ауданында су құбыры мен кәріз желілерінің жағдайы бөлек қаралуда. Бұдан бөлек, жүргізушілердің масаң күйде екенін анықтау үшін жергілікті медициналық пунктке лицензия беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Себебі қазір бұл қызметті алу үшін бірнеше шақырым жол жүруге тура келеді.
Өңірдің маусымға дайындығын бағалау үшін арнайы комиссия құрылады. Ол жуық арада туристік нысандарды, қауіпсіздік деңгейін және инфрақұрылым сапасын тексереді.
Облыс әкімі туристік бизнес өкілдерімен, яғни қонақүйлер мен демалыс базаларының иелерімен жеке жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Нұрымбет Сақтағанов олардың әрқайсысымен кездесіп, туристерді қабылдау жағдайларын тексеруді тапсырды.
– Туризмді дамыту үшін сапа мен тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін әр әкім өз деңгейінде жауапты, – деп қорытындылады өңір басшысы.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1210141?lang=kk

Жауап қалдыру