Цифрландыру және жаңа тәсілдер: Қазақстанда техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде.

Негізгі мақсат – оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру, оны адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарлау.

Ағымдағы жылдың сәуір айында бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық оңалту құралдарының  құнын өтеу үшін берілетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды.

Бұрын кепілдендірілген сома комиссия тарапынан өткен қаржы жылындағы орташа бағалар туралы үш дереккөз негізінде айқындалатын: Әлеуметтік қызметтер порталының деректері, мемлекеттік сатып алу деректері және әлеуетті жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары.

Жаңа Әдістемеге сәйкес, кепілдендірілген сома Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкен деректері негізінде есептелетін болады.

Осыған байланысты, тауарлардың нарықтық құны бойынша электрондық сауда алаңдарының жинақталған деректерін алу үшін Әлеуметтік қызметтер порталы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграциялануда.

Алдағы уақытта кепілдендірілген сома цифрлық платформалардан алынған нақты нарықтық деректер негізінде қолмен араласусыз автоматты түрде қалыптастырылатын болады. Бұл ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.

Күтілетін негізгі нәтижелер:

  • ТОҚ құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру;
  • адами фактор мен субъективтілікті жою;
  • әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз ету;
  • бюджет қаражатын ұтымды пайдалану.

Сонымен қатар, мемлекет негізсіз шығындарды қысқарту арқылы мұқтаж азаматтарды сапалы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.

Босатылған қаражат жүйені дамытуға, оның ішінде оңалтудың тиімділігі мен жылдамдығын арттыратын заманауи, технологиялық және қымбат тұратын құралдарды енгізуге бағытталады.

Қосымша хабарлаймыз, жаңа тәсілдер Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы арқылы іске асырылуда – бұл халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заманауи шешімдер әзірленіп, енгізілетін мамандандырылған алаң.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Ғылыми орталық арқылы техникалық оңалту құралдарының  қайтару бойынша пилоттық тетік іске қосылады.

Бұл тетік тек қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болатын техникалық оңалту құралдарының  түрлеріне қолданылады және жеке пайдалануға арналған құралдарға (мысалы, жөргектер, протездер және т.б.) қатысты емес.

Аталған тетік, мысалы, техникалық оңалту құралдарының  жөндеу кезеңінде немесе уақытша қажеттілік туындағанда (жеткізілімді күту кезінде) ұзақ рәсімдерді күтпей-ақ адамды қажетті құралмен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде, ол шешімдерді формалды мерзімдерге емес, техникалық оңалту құралдарының  нақты техникалық жай-күйі мен адамның жеке қажеттіліктері негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шешімдердің негізділігін арттырып, алушылардың мүдделерін қорғайды.

Осылайша, техникалық оңалту құралдарының  қайтару тетігін енгізудің күтілетін нәтижелері:

  1. Техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру, күту мерзімдерін қысқарту;
  2. бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
  3. ресурстарды ұтымды пайдалану;
  4. Техникалық оңалту құралдарының пайдалану мерзімін ұзарту;
  5. Техникалық оңалту құралдарының техникалық жай-күйі мен тиімділігін мониторингтеу жүйесін қалыптастыру;
  6. Техникалық оңалту құралдарының қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру.

Өзгерістердің негізгі мәні – оңалтудың қолжетімділігін, сапасын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-konaev/press/news/details/1210587?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді