АХҚО мен Шаңхай қор биржасы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шаңхай, 2026 жылғы 28 сәуір

2026 жылғы 28 сәуірде Шаңхайда «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Шаңхай қор биржасы-мен бірлесіп «AIFC Connect: Shanghai 2026» іскерлік іс-шарасын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты нығайту, қытайлық инвесторлармен тікелей байланыстарды дамыту және АХҚО инфрақұрылымы арқылы жобаларды ілгерілету болды.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Шаңхайдағы Бас консулы Нурлан Аққошкаров қазақ-қытай қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтіп, инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдету, капитал нарықтарын ықпалдастыру және екіжақты іскерлік байланыстарды кеңейту басымдықтарын көрсетті. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, тұрақты өсім бар екенін көрсетіп отыр.

Іс-шара аясында АХҚО, Жасыл қаржы орталығы және бизнес өкілдері, соның ішінде KAZ Minerals, Solidcore Eurasia және ITS CSD жобаларын таныстырды. Қатысушыларға инвестициялық бағыттардың кең ауқымы ұсынылды — тау-кен металлургиясы, инфрақұрылымдық жобалар, цифрлық шешімдер және «жасыл» қаржыландыру құралдары.

Капитал нарықтарын ықпалдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Талқылауға Самрук-Казына АҚ, China International Capital Corporation, Freedom Broker және Jiaxin International Resources Investment Ltd өкілдері қатысты.

Форум аясында АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен International Green Economy Association арасында экологиялық бастамаларды дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ AIFC Insights талдау орталығы Орталық Азия мен Кавказ елдерінің капитал нарықтарына шолу ұсынып, Қазақстан аймақтағы ең ірі қаржы нарығы мәртебесін сақтап отырғанын, облигациялар нарығының көлемі шамамен 81 млрд АҚШ долларын құрайтынын атап өтті.

Маңызды нәтижелердің бірі ретінде Astana International Exchange биржасында юаньмен номинацияланған облигацияларды (панда-бондтарды) орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту жарияланды. 2026 жылғы сәуірде AIX Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет Самрук-Казына АҚ-ның 3 млрд юань көлеміндегі панда-бондтарын орналастырды. Бұл қытай капиталын тартудың қосымша арнасын қалыптастырады.

Жаһандық декарбонизация үрдісіне жауап ретінде халықаралық құралдармен, соның ішінде I-REC сертификаттары мен көміртек кредиттерімен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін AIFC Carbon Platform аймақтық көміртек платформасы таныстырылды.

Сондай-ақ әуе кемелерін лизингке беру және қаржыландыру мәмілелерін құрылымдауға арналған АХҚО авиациялық хабының мүмкіндіктері ұсынылды.

Іс-шара Қазақстан мен Қытайдың бизнес және қаржы институттары өкілдері арасында нақты жобалар мен ынтымақтастық бағыттары талқыланған екіжақты кездесулермен (B2B) аяқталды.

Анықтама: «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін юрисдикция болып табылады және инвестициялар тарту, капитал нарықтарын дамыту және қаржы құралдарын енгізу үшін өңірлік платформа қызметін атқарады. AIFC Connect форматы инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылға бағытталған және бұған дейін Сингапур, Лондон, Дубай, Абу-Даби, Сеул, Гонконг және Бейжің сияқты жетекші қаржы орталықтарында өткізілген.

2025 жылғы 30 маусымда Astana International Exchange және Шаңхай қор биржасы екі ел биржалары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-shanghai/press/news/details/1211262?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді