
Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне жарнама мен маңдайшаларды рәсімдеуге қойылатын талаптарды түсіну бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Тілдерді дамыту басқармасы қателіктердің алдын алуға және мәтіндерді заңнама талаптарына сәйкестендіруге көмектесетін Telegram-ботты іске қосты.

Цифрлық көмекші «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» әлеуметтік жобасы аясында әзірленген. Бот арқылы пайдаланушылар «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдардың нормаларымен танысып, сондай-ақ тегін сауатты аударма қызметін пайдалана алады.
Сервис, ең алдымен, шағын және орта бизнес өкілдеріне, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдарға бағытталған. Оның негізгі мақсаты — ақпарат беру және мемлекеттік тілде көрнекі жарнаманы сауатты рәсімдеу мәдениетін қалыптастыру.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, маңдайшалар мен жарнамалық материалдардағы қателіктер әлі де кең таралған мәселе болып отыр. Көп жағдайда олар немқұрайлылықтан емес, қолжетімді құралдар мен кеңестердің жетіспеушілігінен туындайды. Жаңа бот осы олқылықтың орнын толтырып, бизнес үшін күнделікті жұмыста қолжетімді әрі тиімді көмекшіге айналады деп күтілуде.
Сервиске мына сілтеме арқылы қосылуға болады: t.me/til_qaragandy_bot.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1211379?lang=kk

Жауап қалдыру