
Көкшетау қаласында жаңа футбол стадионының құрылысы басталуына арналған уақыт капсуласын салу бойынша салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, «SB INVEST GROUP» ЖШС директоры Сағындық Есетов, «Integra Construction KZ» ЖШС бас директоры Мадияр Саттыбаев, «Оқжетпес» ФК директоры Ербол Қайыров, спорт қауымдастығының өкілдері қатысты.
Өңір басшысы жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйекте өңірге жасаған сапары барысында берген тапсырмалары аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Футбол еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің бірі болып қала береді. Сыйымдылығы 10 мың көрерменге арналған арена UEFA халықаралық стандарттарына сай болады. Бұл қалаға республикалық және халықаралық жарыстарды, соның ішінде жастар құрамаларының матчтары мен ұлттық турнирлердің финалдық ойындарын өткізуге мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.
Стадион Сарыарқа шағынауданында орналасады, мұнда соңғы жылдары медициналық, білім беру және спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба заманауи инфрақұрылымды қамтиды: жайлы трибуналар, санитарлық аймақтар, фудкорттар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Оқжетпес» футбол клубы үшін толыққанды жаттығу базасын салу жоспарлануда.
«Елімізде футболға деген қызығушылық артып келеді, сондықтан жаңа стадион бос тұрмайды. Әрбір матчқа жауапкершілікпен қарап, тек жеңіске ұмтыламыз, сол себепті тұрақты нәтижелер көрсетіп келеміз», – деп бөлісті «Оқжетпес» ФК бас бапкері Ринат Әлеуетов.
Жаңа стадион қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып, тек спорттық іс-шаралар ғана емес, концерттер, фестивальдер және басқа да бұқаралық шараларды өткізуге арналған әмбебап алаң болады деп күтілуде.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыста 30 мыңнан астам адам футболмен жүйелі түрде айналысады. 18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде футбол бөлімдері жұмыс істейді, онда 1700-ден астам жас спортшы білім алып, мықты кадрлық резерв қалыптастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1211691?lang=kk

Жауап қалдыру