
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының XXVIII сессиясында Өңірді дамытудың 2025 жылға арналған жоспарының орындалу қорытындылары мен облыстық бюджеттің атқарылуы қаралды. Сессия отырысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов баяндама жасады.
Жыл қорытындысы бойынша өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Соңғы төрт жылда жалпы өңірлік өнім 1,5 есеге өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. 2025 жылғы өсім инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту есебінен қамтамасыз етілді.
Облыс экономикасына 838 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 73%-дан астамы – жеке қаражат. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі үш есеге артып, 1,7 млрд долларына жетті. Өңірде 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 29 мың жұмыс орны құрылды, ал орташа жалақы 10%-ға өсті.
Сонымен қатар ірі кәсіпорындардағы өндіріс көлемінің азаюына байланысты өнеркәсіп саласында төмен көрсеткіштер байқалды.
Инвестициялық белсенділікке ерекше назар аударылуда. Аймақта жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын және 10 мыңнан астам жұмыс орнына арналған 101 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылы 8 жоба аяқталса, 2026 жылы тағы 27 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында ірі өнеркәсіптік өндірістерді жаңғырту және жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын салу бар.
Агроөнеркәсіп кешенінде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 554,6 млрд теңгені, экспорт көлемі – 420,6 млн долларын құрады. Қайта өңделген өнім үлесі 67,5%-ға жетті. Салада инвестициялық жобалар іске асырылып, суармалы егіншілік дамытылып, ауыл шаруашылығы жерлері айналымға қайтарылуда.
Өсімнің негізгі драйверлерінің бірі – шағын және орта бизнес. Бұл салада 153 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдау көлемі жыл сайын 80 млрд теңгеден асады.
Туризм перспективалы бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы аталған салаға 21,6 млрд теңге инвестиция тартылып, туристер ағыны 9%-ға артты. Өңірде төрт туристік кластер дамып, қонақүйлер, туристік кешендер мен көлік инфрақұрылымын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Жол желісін жаңғырту жалғасуда: 2025 жылы 856 шақырым жол жөнделсе, биыл тағы 308 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жол айрығын салу және қоғамдық көлікті дамыту секілді ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.
Жыл қорытындысы бойынша өңір бюджеті 98%-ға орындалды. Кірістер көлемі шамамен 490 млрд теңгені құрады. Түсімдердің өсуі қамтамасыз етіліп, барлық әлеуметтік міндеттеме толық орындалды. Шығыстардың жартысынан астамы әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беруге бағытталды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, аймақта 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары аясында экономиканы әртараптандыру, қайта өңдеу өнеркәсібін, туризмді және цифрлық шешімдерді дамытуға басымдық берілген жаңа міндеттер жүзеге асырылуда.
Ревизиялық комиссияның бағалауынша, өңірде инвестициялық белсенділіктің артуы мен тұрақты даму қарқыны байқалады. Сонымен қатар бюджетті жоспарлау және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында назар аударуды қажет ететін жекелеген тәуекелдер сақталуда.
Сессияда айтылғандай, қол жеткізілген нәтижелер өңір экономикасының өсуіне және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді.
Цифрландыру жылы аясында Шығыс Қазақстан облысын трансформациялау және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері назардан тыс қалған жоқ.
Осылайша, біздің облысымыз бірыңғай басқару платформасына көшуде. Облыстық мәслихат сессиясының отырысында ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов ЖИ құралдарының «деректер көлінен» бастап цифрлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа дейін қолданылып жатқанын атап өтті.
Мәселен, энергетика саласында жылу көздерін мониторингілеу жобасы жүзеге асырылуда. 23 нысанға датчиктер орнатылып, көрсеткіштер минут сайын жаңартылып отырады. Мамандардың бағалауынша, бұл апатты жағдайлардың қаупін азайтып, жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын қысқартуға мүмкіндік берді.
Цифрлық шешімдер қауіпсіздік саласында да белсенді қолданылуда. Өңірде 5900-ден астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде 300 камера бейнеаналитика жүйесімен жабдықталған. ЖИ негізіндегі жүйелер бет-бейнені, көлік құралдарын танып, қалыптан тыс жағдайларды тікелей эфир режимінде анықтай алады.
«Экологиялық мониторинг те цифрлық форматқа көшірілуде: 25 автоматтандырылған бекеттен тұратын желі ауа сапасын 13 параметр бойынша бақылайды.
Білім беру саласында оқу және өлкетану материалдары тегін қолжетімді болатын бірыңғай цифрлық кітапхана құрылуда. Қазірдің өзінде бұған дейін тек мұрағаттарда қолжетімді болған 7 мыңнан астам құжат пен сирек басылым цифрландырылды», – деді Қ. Бимағамбетов.
Бұдан бөлек, телекоммуникациялық инфрақұрылым да дамып келеді. Бүгінде өңір халқының 98,5%-ы интернетпен қамтылған. Өскеменде 62 базалық 5G станциясы іске қосылды, ал ауылдарда жылдамдығы 50 Мбит/с дейін жететін спутниктік шешімдер енгізілуде.
Жыл соңына дейін 67 елдімекенді интернетпен қамту, гидробекеттерді автоматтандыру және ұшқышсыз жүйелерді басқару орталығын құру жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1211768?lang=kk

Жауап қалдыру