
«Достық үйінде» белгілі қаржыгер-экономист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған және Шиелі аудандарының құрметті азаматы Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбәраковтың өмірі мен қызметіне арналған «Адал дос, асыл азамат» атты еске алу кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ғұмырнамалық кітап аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен жарыққа шыққан.
Тағылымды шараны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов жүргізіп, қайраткер тұлғаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Қамбарбек Мүбәраковтың кәсіби біліктілігі мен азаматтық болмысы кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді.
Кітаптың құрастырушысы белгілі журналист Дүйсенбек Аяшұлы жаңа туындыдағы естеліктер арқылы абзал азаматтың жарқын бейнесі, жақсы істері жаңғыра түскенін айтты.
Екі бөлімнен тұратын кітапта қаржы саласының үздігі атанған тұлғаның ата тегі, өмір жолы, қызметтік тәжірибесі жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар, елжанды азаматтың ерте үзілген ғұмырындағы кейінгі ұрпаққа өнеге болатын тағылымды тұстар кеңінен қамтылған.
Жинақ мазмұнында басты кейіпкердің әріптестері, ел ағалары жақындары мен замандастарының естеліктері топтастырылып, сол кезеңнің қоғамдық келбетін бейнелеуге мән берілген.
Іс-шара барысында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткерлері Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, қоғам қайраткері Қуанышбек Ысқақов және қаржы саласының ардагерлері, ел ағалары Дайрабай Ысқақов, Қалқазбек Әжібеков Қамбарбек Амангелдіұлының адамгершілік қасиеттері мен кәсіби шеберлігіне тоқталып, оның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Тұсаукесер рәсімі тағылымға толы мазмұнды пікірлер мен естеліктерге ұласып, көпшілікке рухани әсер сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1211904?lang=kk

Жауап қалдыру