
Қарағанды облысы – еліміздің өнеркәсіптік өңірі, ал қазіргі заманғы өндіріс жоғары жүктемемен, күрделі еңбек жағдайларымен және қауіпті өндірістік факторлармен сипатталады: зиянды заттардың әсері, шу мен діріл; стресс факторларының жоғары деңгейі; тамақтану режимінің бұзылуы; созылмалы жұқпалы емес аурулардың саны артуда.
2021–2025 жылдар аралығындағы Қарағанды облысындағы жағдайды талдау еңбекке қабілетті ересек тұрғындар арасында мінез-құлықтық және кәсіби қауіп факторларының жоғары деңгейі сақталып отырғанын көрсетеді. Артериялық гипертензиямен сырқаттанушылық 37%-ға, қан айналым жүйесі аурулары 1,6 есеге, жүйке жүйесі аурулары 27%-ға, эндокриндік аурулар 31%-ға, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары 13,2%-ға артқаны байқалады.
Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап Қарағанды облысында «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның тұжырымдамасы мен оны енгізу жоспары барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, облыс әкімінің орынбасары тарапынан бекітілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 17 өнеркәсіптік және өзге де кәсіпорын оны іске асыруға кірісті. Бұл – 2030 жылға дейін қызметкерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға ықпал ететін тұрақты білімді, дағдыларды және өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді профилактикалық бағдарлама.
Салауатты жұмыс орындарын қалыптастыру кешенді тәсілді талап етеді. Ол еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуді, еңбек және демалыс режимін ұтымды ұйымдастыруды, қызметкерлердің дене белсенділігіне жағдай жасауды, сондай-ақ сапалы ауыз суға және теңгерімді тамақтануға қолжетімділікті қоса алғанда, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруды қамтиды. Сонымен қатар, қызметкерлердің психикалық денсаулығын қолдау және кәсіби күйзеліс деңгейін төмендету маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Аталған іс-шараларды іске асыру жұқпалы емес аурулардың деңгейін төмендетуге, уақытша еңбекке жарамсыздықты азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Салауатты жұмыс орындарын қалыптастыру қоғамдық денсаулықты нығайтудың және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімді құралы ретінде қарастырылады.
Қазіргі уақытта бағдарлама дайындық кезеңінде, оның аясында қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқатына диагностика жүргізіліп, жұмыс орындарының жағдайы талдануда, профилактикалық іс-шаралар әзірленіп, жоспарлануда.
Еңбек жағдайларының салауатты болуын қамтамасыз ету – жұқпалы емес аурулардың алдын алудың және өңірдегі еңбекке қабілетті халықтың денсаулығын сақтаудың негізгі бағыттарының бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1211989?lang=kk

Жауап қалдыру