
Шардара қаласындағы Абай мәдениет үйінде сағат 15:00-де «Қоғаммен бірге бол» тақырыбында қоғам белсенділерімен кездесу өтті. Жиынға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Е. Каратунов, Шардара ауданының прокуроры Алмас Әлі Ермекұлы, Шардара аудандық полиция бөлімінің басшысы Н. Елшибаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Шардара аудандық бөлімшесінің басшысы Н. Айткулов және тиісті сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында қоғам белсенділері З. Тагаева мен Н. Нуралиева аудандағы қоғамдық-саяси ахуал, құқықтық тәртіп, әлеуметтік мәселелер және тұрғындарды алаңдатқан өзге де өзекті тақырыптар бойынша сауалдарын қойды. Өз кезегінде жауапты мекеме өкілдері қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамаларына сүйене отырып, әрбір сұраққа нақты әрі жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиында аудан прокуроры Алмас Әлі Ермекұлы қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ қоғамдық келісім мен құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстар мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығы арқылы жүзеге асатынын жеткізді.
Кездесу соңында барлық мекеме басшылары аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне әрдайым назар аударылып, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, қоғаммен ашық әрі тұрақты байланыс орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі!!!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1212089?lang=kk

Жауап қалдыру