Қазақстан бойынша бір мезгілде 18 университетте «Суды үнемде – болашақты сақта!» тақырыбында экосағаттар өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанның 18 жоғары оқу орнында бір мезгілде «Суды үнемде – болашақты сақта!» тақырыбында экологиялық сағаттар ұйымдастырылды. Іс-шараларға офлайн форматта 4 мыңнан астам студент қатысты. Ал онлайн форматта экосағатқа 120 университет пен колледждің білім алушылары, сондай-ақ 700 жалпы білім беретін мектептің оқушылары қосылды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткен экосағатқа қатысты.

Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Оған сондай-ақ Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі, эколог, «Қазақ табиғатты қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айжан Сқақова және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев қатысты.

Спикерлер студенттерге суға ұқыпты қараудың маңыздылығы, су ресурстарын үнемдеудің тиімді тәсілдері және Қазақстанның су қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік шаралар туралы айтып берді. Одан кейін пікірталас өтіп, спикерлер мен Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты ұйымдардың мамандары студенттердің сұрақтарына жауап берді.

«Болашақта су ресурстарын тиімді басқару, жаңа тәжірибелерді енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде жас мамандар негізгі рөл атқарады. Қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары, су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелері және өзге де экологиялық инновациялар қарқынды дамып келеді. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен тың идеяларыңыз Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Экосағат аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттері, оқытушылары және жас ғалымдарының ғылыми-зерттеу жобаларының көрмесі де өтті. Ұсынылған әзірлемелер деректерді өңдеу және талдау, гидротехникалық инженерия, құрғақ аймақтарда суды тиімді пайдалану, суару жүйелеріндегі су есебін қашықтан басқару сияқты бағыттарды қамтиды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1212254?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді