
Отан қорғаушысы күні қарсаңында Астанада әскери-патриоттық және мәдени іс-шара өтті. Оның мақсаты – қайта жаңғыртылған көне ұлттық музыкалық аспаптардың тарихи маңызын таныту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және әскери қызметтің беделін арттыру.
Кездесу Астана қаласы Мәдениет басқармасының Ұлттық өнер музейі ғимаратында өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен “Жас сарбаз”әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Шараға қоғам қайраткерлері, Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері, Астана қаласы әкімдігінің және Қорғаныс істері департаментінің өкілдері қатысты.
– Бүгінгі шарадан үлкен әсер алдық. Өнерпаз бауырларымызға рахмет, бұрынғы бабалар уақытына өтіп кеткендей әсерде болдық. Ежелден ерлердің ерлігі арқасында талай тарих тезінен аман өтіп келе жатқан халқымыздың, батыр бабаларымыздың сан ғасырлар бойы жауынгерлік жорықта, майдан даласында әр түрлі дыбыстық белгілер жіберіп, «жау келді», «дұшпан шегінді» белгілерін дабылдатып қолданған, алыс шалғайларда жүргенде туған елдің жылуын жүрегіне жеткізген, бұл күндері ұмыт бола бастаған сазды аспаптардың сан түрін қайта жаңғыртып, жаңа өмір сыйлаған ұжымға алғысымызды білдіреміз. Алда келе жатқан Отан қорғаушысы мерекесі құтты болсын. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін, – деді «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» РҚБ төрағасы Халық қаhарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев.
Іс-шара барысында қонақтар көне музыкалық аспаптарды қалпына келтіру шеберханасымен танысып, музей экспонаттарын тамашалады. Экспозицияда, әсіресе сирек кездесетін желбауыз, мес сырнай, уілдек, тастауық, дабыл, кепшік, керней, бұғышақ, нар дауылпаз, сондай-ақ сыбызғының алпыстан астам түрі және өзге де көне музыкалық аспаптар қамтылды.
Кездесу этно-фольклорлық Жошы ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
– Ерекше атап өтетін жайт, музыканың орны әскери тәрбиеде өте маңызды күшке ие. Ол рух беріп, жігерлендіреді. Ата-бабаларымыз кезінде жаумен соғысқанда да, әр-түрлі музыкалық асапаптарды қолданып, жорыққа шыққан батырларды осылайша рухтандырып отырған, – деді «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов.
Жошы этно-фольклорлық ансамблі сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы аспаптарында «Жолбарыстың жорытуы», «Ортеке» шығармаларын орындады. Музейде естілген көне керней дауысы ардагерлер мен жастарды ерекше әсерге бөледі. Ансамбль мүшесі 2-3 минут ішінде Ұлытау жерінің сазбалшығынан сырнай жасап, ардагерлерге сыйға тартты.
– Ардагерлермен кездесуден біз үлкен тәрбие алып, ұлттық құндылықтарымыз туралы білімімізді тереңдете түстік, кездесу біз үшін тағылымды, әрі қызықты болды, – деді Жоғары медицина колледжінің 1 курс студенты Аянат Жақсылықова.
Өнер атты жұмсақ күш пен әскери рух біріккен ерекше кездесу жастар есінде көпке сақталары анық.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1212293?lang=kk

Жауап қалдыру