
Сондай-ақ іс-шараға Павлодар өңірінің медициналық қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Ақмарал Әлназарова медициналық қауымдастықпен ашық диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, бұл өзекті мәселелерді анықтап, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданғанын жеткізді. Ол қаржыландырудың бюджеттік моделінен сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшуді көздейді, бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) және МӘМС пакетін көрсету тетіктерінде көрініс тапқан.
2026 жылдан бастап алғашқы өтінішті қоспағанда, медициналық-санитарлық көмектің барлығы дерлік МӘМС жүйесіне көшіріледі. Сонымен қатар, биылғы жылдың басынан бері 800 мыңнан астам азамат алғаш рет сақтандыру жүйесіне қосылып, медициналық қызметтердің кеңейтілген спектріне қол жеткізді.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы мен негізгі даму көрсеткіштерін баяндады.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, өңірде саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде: материалдық-техникалық база жаңғыртылып, медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде, кадр тапшылығын азайту шаралары жүзеге асырылуда, – деді Асайын Байханов.
Өңірде бірқатар бағыттар бойынша, оның ішінде ана мен баланы қорғау саласында оң динамика тіркеліп отыр – ана өлімі жағдайлары орын алған жоқ. Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласы да қарқынды дамуда: 30 медициналық нысан салынды, соңғы үш жылда ауылдық жерлердегі санитарлық көліктер толығымен жаңартылды. Медициналық кадрларды тарту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда: 540 млн теңге көлемінде көтермеақы бөлінді, облыс аудандарында 53 қызметтік пәтер салынды, медициналық колледж жатақханасы қайта жаңғыртылды.
Тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды сақтау үшін күн сайын мониторинг жүргізіліп, мобильді эпидемиологиялық топтар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, скринингтік бағдарламалармен қамту ауқымы кеңейтіліп, түрлі ауруларды ерте анықтау жұмыстары күшейтілуде. Жиналыста иммундау мәселелері және бастапқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Өңір басшысы денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көрсетілетін қолдау саланың жүйелі мәселелерін шешудің негізгі шарты болып қала беретінін атап өтті. Басым міндеттердің қатарында жалпы тәжірибе дәрігерлері, маммологтар, ангиохирургтер, сәулелік терапия мамандары мен педиатрлар тапшылығы, сондай-ақ орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі аталды. Сонымен бірге Павлодар қалалық №1 ауруханасы, Ақсу қалалық ауруханасы және облыстық балалар ауруханасы сияқты бірқатар медициналық мекемелерді жаңғырту, сондай-ақ оңалту инфрақұрылымын дамыту және тиісті жобаларды республикалық қаржыландыру бағдарламаларына енгізу қажеттігі атап өтілді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1212315?lang=kk

Жауап қалдыру