Халықаралық конференция қорытындысы: Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесі күшейтілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қатысушылар судьялардың үздіксіз білім беру жүйесін дамыту және сот төрелігінің сапасын арттырудың заманауи тәсілдерін талқылады.

Конференция «XXI ғасырдағы судьялардың үздіксіз білімі алуы: сот төрелігінің сапасын арттырудың негізі ретінде ғылым мен практиканың интеграциясы» тақырыбында өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі Ержан Жиенбаев, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов, Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Сонымен қатар іс-шараға Әзербайжан, Германия, Қырғызстан, Польша, Өзбекстан, Ресей және Түркия делегациялары, сондай-ақ сот жүйесінің, ғылыми және заң қауымдастығының өкілдері қатысты.

Конференция барысында халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, білім беру стандарттарын үйлестіру және сот білімі саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Сот төрелігі академиясының судьялар корпусын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Академияның 2024 жылы Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуі судьяларды даярлау, іріктеу және тағайындаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Соңғы бір жылда Академия айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов 2025 жылы бекіткен даму тұжырымдамасын іске асыру аясында Академия алғаш рет ғылыми қызмет субъектісі мәртебесін алды, оның журналы ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізілді.

Сонымен қатар алғаш рет білім беру бағдарламалары магистратурадан докторантураға дейін кеңейтілді, судьялар үшін біліктілікті арттырудың жеке бағдарламалары енгізілді, сондай-ақ судьялыққа кандидаттар үшін референдиат институты құрылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1212331?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді