
Астана, 2026 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (СЖРА) Басшысы Әсет Ерғалиев Нарықтарды дамыту және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жөніндегі кеңсе басшысы Такео Койке жетекшілік еткен Азия даму банкінің делегациясымен кездесу өткізді.
Кеңестің негізгі тақырыбы Азия даму банкінің (АДБ) қатысуымен іске асырылып жатқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары болды.
Талқылау барысында әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар тартуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Азия даму банкімен барлық негізгі жобалар бойынша шешімдерді пысықтаудан бастап конкурстық рәсімдерді сүйемелдеуге және келісімдер жасасуға дейінгі кезеңдерді қамтитын белсенді бірлескен жұмыс атап өтілді.
Жобаларды іске асырудағы СЖРА-ның үйлестіруші рөлін Такео Койке атап өтті:
«СЖРА тарапынан үйлестірудің арқасында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл неғұрлым жүйелі әрі жедел бола түсті. Жобаларды іске асыруда ілгерілеу байқалады, келісімшарттық жұмыс жанданып, өзара ынтымақтастық нығаюда. СЖРА халықаралық ұйымдармен диалог алаңы ретінде қызмет атқарып, мемлекеттік органдарға қолжетімділікті жеңілдетеді».
Ағымдағы өзара іс-қимылдың мысалы ретінде Қарағанды қаласында 300 орындық көпсалалы университеттік аурухана салу жобасының іске асырылу барысы қаралды. Жоба қазақстандық және халықаралық компаниялардың қатысуымен жеке әріптесті айқындау бойынша конкурстық рәсімдер кезеңінде.
Алматы қаласында Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті жанынан студенттік жатақханалар салу жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жуырда жобаны консультациялық сүйемелдеу туралы келісімге қол қойылғаны атап өтілді, бұл келесі кезеңге – конкурстық рәсімдерді дайындауға және жеке инвестор тартуға көшуге мүмкіндік береді.
Жетісу облысындағы гидроэнергетика саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Әсет Ерғалиев мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дәйекті дамыту және жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде одан әрі сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу негізгі жобалар бойынша алдағы жұмысты үйлестіруге және оларды іске асырудың келесі кезеңдеріне өтуді айқындауға мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aspr/press/news/details/1212353?lang=kk

Жауап қалдыру