
Еркеғали Рахмәдиев атындағы концерт залында Қазақстан халқының бірлігі мен қазақ тілінің құдіретін айқын көрсеткен «Алтын шаңырақ» республикалық ұлтаралық айтыс өтті.
Айтыстың басты ерекшелігі – сахнаға танымал ақындар мен осы өнерді меңгеріп жүрген шәкірттерден құралған 12 жұптың шығуы болды. Барлығы 12 сөз сайысы өтіп, қатысушылар тапқырлықтары мен суырып салмалық қабілеттерін көрсетіп, сөз саптау шеберліктерімен ерекшеленді.
Сахнаға шыққан жас таланттар – әртүрлі этнос өкілдері. Дегенмен олардың сөзге жүйріктігі, ұлттық дәстүрді терең түсінуі және тіл тазалығы қазақ мәдениетімен біте қайнасқанын дәлелдеді.
Айтыстың жарқын жұлдыздарының бірі – Қарулы күштердің мақтанышы, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншісі Эльдана Габерман болды.
Эльдана – ұлттық өнерді ұлықтаған, кең даланың еркін рухын бойына сіңірген нағыз өнер иесі. Ол әскери-музыкалық ұжымда 16 жылдан бері еңбек етіп, әсем үнімен әскери қызметшілерге рух беріп келеді.
Сахнаға Эльдана өзінің ұстазы, белгілі ақын Иран-Ғайып Күзенбаевпен бірге шықты. Оларға алматылық, нигериялық Даниел Джеймс пен оның ұстазы Өміржан Көпбосын қарсылас болды.
«Қыз бен жігіт» айтысында жеңіл әзіл, Отанды қорғау, мемлекеттік тілдің мәртебесі және туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік тақырыптары үйлесім тапты.
Әріптесін қолдауға әскери қызметшілер мен сарбаздар келді. Домбыраның әр үніне ерекше құрметпен құлақ түрген әскери формадағы көрермендер кештің шырайын аша түсті. Жауынгер достарының қолдауы Эльдананың сахнада сенімді өнер көрсетуіне үлкен демеу болды.
Айтыстың нәтижесінде суырып салмалық шеберлігін жоғары деңгейде көрсетіп, көрерменге поэзияның сұлулығын жеткізе білген Эльдана Габерман жүлделі екінші орынға ие болды.
– Мен ұлтым неміс болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады. Мен үшін айтыс – жай ғана жарыс емес, бұл қазақ халқына және туған тілімe деген құрмет, – деді күміс жүлдегер.
Бұл кеш қазақ тілінің халықтарды біріктіретін шынайы күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, әр адам бір шаңырақ астында қазақ мәдениетінен өз орнын таба алатынын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1212959?lang=kk

Жауап қалдыру