Маңғыстауда Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде атап өтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 1 мамыр күні Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

Мерекелік шара аясында этномәдени бірлестіктердің көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттің алуан түрлілігімен танысты. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен насихатталды.

Іс-шара барысында облыс әкімі жиналған қауымды бірлік пен татулықтың маңыздылығын айқындайтын мерекемен құттықтап, бұл күннің ел өміріндегі ерекше мәніне тоқталды.

– Бірлік күні – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен сыйластықтың жарқын көрінісі. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы – халықтар арасындағы келісім мен бірлік. Бұл – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың нәтижесі. Маңғыстау – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқан өңір. Біз үшін бұл – үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сондай-ақ жиында елдегі саяси жаңғыру үдерістері, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен республикалық референдумның маңызы сөз болып, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру бағытындағы бастамалардың стратегиялық мәні атап өтілді.

Мерекелік шара барысында дәстүрге айналған «Бірлік кубогы» шағын футбол турнирінің жеңімпаздары марапатталды. Облыс әкімі жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, дипломдар және ақшалай сертификаттарды табыстады. Атап айтқанда, І орынды Мұрын Жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі иеленсе, ІІ орын Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжіне, ал ІІІ орын Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжіне бұйырды.

Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1212976?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді