Бейнеу ауданында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бейнеу ауылында «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің Бейнеу ауданындағы филиалының салтанатты ашылуы өтті. Шараға аудан әкімі Шалбаев Рахымжан, аудандық мәслихат төрағасы Бораш Ардақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Азанов Шайхы, қоғамдық кеңес төрағасы Медетов Құлбек, сондай-ақ мекеме және кәсіпорын басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес іске асырылып келеді.

Аудан басшысы өз сөзінде жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Соның нақты дәлелі ретінде бүгін іске қосылған кірпіш зауытын атап өтіп, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, құрылыс саласының дамуына және аудан экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қосатынын айтты. Сондай-ақ негізгі мақсат – аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен қоғамдық кеңес төрағасы да сөз сөйлеп, жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Ал филиал директоры Ермеков Жеңіс зауыттың жұмыс барысымен таныстырып, өндірістік мүмкіндіктері туралы баяндады.

Жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын жоба аясында ашылған зауыт жылына 2 миллион дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кәсіпорын 1,2 миллион дана кірпіш өндіріп, өнімдерін жергілікті нарыққа және еліміздің өзге өңірлеріне жеткізуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап зауыт жылына 180 мың дана құмблок өндіруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде қосымша 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/1212974?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді