
Шымкент қаласының Тұран ауданында орналасқан «Балбұлақ» балабақшасының маңында қабырғаларды әрлеу және көркем сурет салу жұмыстары жүргізілді. Іс-шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Таза Қазақстан» және «Есірткісіз болашақ» акциялары аясында ұйымдастырылды.
Ауқымды бастамаға елуге жуық жас суретші мен еріктілер қатысып, аудан аумағын тазалау жұмыстарымен қатар, балабақша қоршауларын мазмұнды суреттермен безендірді. Сонымен бірге, көше бойындағы ретсіз жазулар мен заңсыз жарнамалар тазартылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті жақсартылды.
Шараны Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы қалалық балалар көркем сурет мектебімен бірлесіп ұйымдастырған. Акцияға қатысқан мектеп оқушылары мен өнер мектебінің тәрбиеленушілері өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қабырғаларға табиғат көріністерін, жануарлар бейнесін, сондай-ақ, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық нақыштағы суреттерін бейнеледі. Бұл өз кезегінде қоғамдағы бірлік пен достықты дәріптеуге бағытталды.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың көңіл күйіне де оң әсер етеді. Жас суретшілердің бірі бос уақытын тиімді пайдаланып, қала келбетін жақсартуға үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – қоғамдық орындарды ретке келтіру, тазалық мәдениетін қалыптастыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы ортақ ұстанымды нығайту. Осы арқылы өскелең ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттырып, туған қалаға деген жанашырлықты күшейту көзделген.
Айта кетейік, мұндай шаралар Шымкент қаласында жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына, сондай-ақ қаланың таза және көрікті болуына ықпал етуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1213013?lang=kk

Жауап қалдыру