Ақтөбе облысында беделді республикалық STEM-олимпиада өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Хромтауда 8–11 сынып оқушылары арасында республикалық STEM-олимпиада өтті. Бұл ауқымды зияткерлік іс-шараға ғылымға, технологияға және инженерияға қызығушылық танытқан 53 команда мен 155 оқушы қатысты.
Салтанатты ашылу рәсіміне Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Сәндібек Жақонов, білім беру басқармасының өкілдері, зияткерлік жобаны ұйымдастырушылар, сондай-ақ жобаның серіктестері — ERG компаниясы қатысты. Олар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына елеулі үлес қосты.
Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген Дон тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Өтемісов ғылыми-техникалық әлеуетті дамытудың өзектілігін атап өтті.
Ақтөбе облысы білім басқармасы бөлімінің басшысы Гүлжан Құлбекова да іріктеудің жоғары деңгейі мен алынатын тәжірибенің маңыздылығына тоқталды:
«Сіздердің бұл олимпиадаға қатысуларыңыздың өзі — жеңіс, өйткені сіздер 300-ден астам үміткердің арасынан іріктеліп өттіңіздер. Ең бастысы — осында құнды тәжірибе алып, оны әрі қарай дамытуда қолдану».
Олимпиада екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар инженерлік қабілеттерін көрсетіп, командалар экскаватор моделін құрастырды. Екінші кезеңде құрастырылған модельді бағдарламалау арқылы берілген маршрутпен жүргізу тапсырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада нақты инженерлік дағдыларды дамытуға бағытталған және тәжірибелік сипатта ұйымдастырылған.
STEM-Академия жобасының жетекшісі Азамат Бектұрғановтың айтуынша, командада үш адамның болуы әрқайсысының өз міндетін бөліп орындауына байланысты:
«Әр командада үш адам қатысады. Бірі бағдарламалаумен айналысады, қалған екеуі конструкторлық бөлікті құрастырады. Жеңімпаздар қараша айында Астана қаласында өтетін халықаралық STEM-олимпиадаға жолдама алады».
Олимпиада барысында оқушылар жоғары дайындық деңгейін, тапсырмаларды шешудегі креативті тәсілді және бағдарламалау мен инженерия саласындағы практикалық дағдыларын көрсетті.
Қорытынды бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Ең үздік қатысушылар Астана қаласында өтетін халықаралық STEM-олимпиадада өңір намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1213194?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді