
Абай облысында 2025 жылдың қорытындысы және 2026 жылдың I тоқсаны бойынша алқа отырысы өтті
2026 жылғы 30 сәуірде Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Жедел медициналық жәрдем ауруханасы» ШЖҚ КМК базасында өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің 2025 жылғы қорытындылары мен 2026 жылдың I тоқсаны бойынша алқа отырысы өтті.
Отырыс Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Рысбекұлы Оспановтың төрағалығымен өтті.
Алқа барысында саланың негізгі даму көрсеткіштері, оның ішінде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық ұйымдарды қаржыландыру, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.
Негізгі баяндамада облыстың денсаулық сақтау жүйесінің қызметі туралы ақпарат ұсынылды. Өңірде 11 275 медицина қызметкері жұмыс істейтіні, оның ішінде 1 758 дәрігер және 5 255 орта медицина қызметкері бар екені атап өтілді. 2025 жылы 99 жас маман жұмысқа орналастырылды.
Қаржыландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Абай облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының деректеріне сәйкес, 2026 жылға медициналық қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 100,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда артқан.
Сонымен қатар, инфекциялық аурулар, туберкулез және профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіштерін қамтитын эпидемиологиялық жағдай қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге, сондай-ақ саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған басым міндеттер айқындалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-densaulyk/press/news/details/1213387?lang=kk

Жауап қалдыру