Астанада оқушыларға Конституция мен «Адал Азамат» құндылықтары түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанадағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде «Жаңа Конституция – «Адал Азамат» бағдарламасын қалыптастырудың негізі» тақырыбында сынып сағаты өтті. Мақсаты – оқушыларға ҚР жаңа Конституциясының мазмұнын түсіндіру, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілік пен «Адал Азамат» құндылықтарын қалыптастыру, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сынып жетекшісі Аида Ләззатова сабақтың оқушылар бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, патриотизм, заңға құрмет, тәртіп сақтау, білімге ұмтылу және экологиялық мәдениет қасиеттерін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

«Конституцияны құрметтеу арқылы оқушылар өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, қоғамға пайдалы, саналы, жауапты азамат болуға тәрбиеленеді. Біз өз құқығымызды, міндетімізді, заңды құрметтеуді және нағыз адал азамат қандай болу керек екенін білуіміз керек», – деді ол.

Сабақ барысында оқушыларға «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында қысқаша бейнеролик көрсетілді. Балалар видеоны талқылап, Конституция не үшін қажеттігі туралы ойларын айтты. Слайдпен жұмыста «Адал азамат» бағдарламасы, оның негізгі құндылықтары түсіндірілді.

Сонымен қатар «Конституция ағашы» әдісі бойынша балалар «Мен адал азамат болу үшін не істеймін?» деген сұраққа жауап берді. Ол үшін заңды құрметтеу, тәртіп сақтау, жақсы білім алу, табиғатты қорғау қажеттігіне тоқталды. Үй тапсырмасы бойынша «Менің құқықтарым мен міндеттерім» тақырыбында 5-7 сөйлемнен тұратын шағын эссе жазу тапсырылды. Мұғалім сынып сағатының негізгі ойын қорытындылап, Конституция мемлекеттің негізгі заңы екенін, ал «Адал азамат» сол заңды құрметтейтін, елге пайдасын тигізетін тұлға екенін түсіндірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1213611?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді