Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы дамытудағы сенімді инфрақұрылымның маңызына ерекше тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы технологиялық дербестікті қамтамасыз ету үшін есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарының қауіпсіздігін бақылауда ұстау аса өзекті екенін айтты.
Президенттің сөзінше, қазіргі заманда цифрлық инфрақұрылымның маңызы энергетика мен логистика салаларынан кем түспейді.
– Есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарын бақылауда ұстау айрықша өзекті. Қазіргі заманда мұны өзгелерден тәуелсіз болудың бұлжымас қағидасы десек, артық айтқандық емес. Бізге жасанды интеллект пен «бұлтты» технология қызметтеріне арналған инфрақұрылымдық базаны дамыту керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі ретінде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын атады. Оның айтуынша, бұл жоба болашақта Қазақстан экономикасының жаңа индустриялық тірегіне айналуы мүмкін.
– Бұл – алдағы уақытта экономикамыздың жаңа индустриялық тірегіне айналатын ауқымды кластер. Мұндай орталықтар кәсіпкерлер мен ғалымдарды қажетті есептеу ресурстарымен қамтамасыз етеді. Сенімді цифрлық инфрақұрылым еліміздің стратегиялық активіне айналуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Президент Үкіметке жобаны халықаралық стандарттар мен жетекші технологиялық компаниялардың талаптарын ескере отырып жан-жақты пысықтауды тапсырды. Мемлекет басшысы дата-орталықтар тек сыртқы көрініс үшін жасалмауы керектігін де атап өтті.
– Дата-орталықтар – сәнді цифрлық технологиялар көрмесі емес. Бұл жоба еліміздің нақты сұранысына сай әрі заманауи озық үрдістер негізінде жүзеге асырылуы қажет, – деді Президент.
Жиында киберқауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген цифрлық инфрақұрылым қауіпсіздік талаптары сақталмаса, осал болатынын айтты.
Президенттің пікірінше, ұлттық технологиялық өнімдердің барлығына қауіпсіздік стандарттары енгізілуі тиіс. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау Конституция деңгейінде бекітілген маңызды міндет екенін еске салды.
– Мемлекеттік цифрлық қызметтердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – басты талаптың бірі. Ашықтық, жаһандық интеграция және ұлттық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтау айрықша маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі геосаяси жағдай цифрлық қауіпсіздіктің стратегиялық маңызын айқын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық бизнес үшін тұрақты құқықтық орта мен сенімді цифрлық инфрақұрылым аса қажет.
– Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық. Демек, осы талаптардың үдесінен шыға білуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1213734?lang=kk

Жауап қалдыру