
Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойылды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Аршалы ауданының инвестициялық аймағында «Азия Алтын Дән» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда.
«Ақмола облысы – қуатты шикізаттық базасы және жоғары инвестициялық әлеуеті бар еліміздің аграрлық көшбасшысы. Біз үшін шикізаттық бағыттан арылып, өңдеуші секторды дамыту маңызды. Инвестиция тарту – тұрақты экономикалық өсімнің, технологиялық дамудың және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі.
Бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы астықты терең өңдеу саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Жоба шамамен 3 мың жұмыс орнын ашуға, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеміз, олардың құқықтарын қорғауды және жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеуді қамтамасыз етеміз», – деді Марат Ахметжанов.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазақстанда терең өңдеу жобаларын іске асыру үшін тұрақты шикізаттық база бар. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің жүйелі қолдауының арқасында соңғы екі жылда елде шамамен 27 млн тонна астық жиналып, экспорт көлемі айтарлықтай артты. Өткен маркетингтік жылы астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетті.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу міндетін қойды. Біз шикізаттық модельден терең өңдеу мен жоғары қосылған құн экономикасына кезең-кезеңімен көшіп келеміз. Қазіргі таңда Қазақстанда қуаты 510 мың тонна болатын астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олар крахмал, глютен, сірне, биоэтанол және басқа да өнімдер шығарады.
Жобаны іске асыру жаңа экспорттық бағыттарды қалыптастыруға және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Спикерлер өз сөздерінде жобаның өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін маңыздылығын атап өтті. «Азия Алтын Дән» ЖШС директоры Ю Юфэй жаңа кәсіпорын табысты халықаралық өндірістік ынтымақтастықтың үлгісіне айналып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға және жаһандық нарықтарға шығуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келісімге қол қойып, жобаны іске асыруға ресми түрде старт берді. Зауыт құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашып, астықты өңдеу көлемін арттырып, өңірдің экономикалық дамуына үлес қосады деп күтілуде.
Айта кетейік, Ақмола облысында жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын инвестициялық келісімдерге қол қойылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1213864?lang=kk

Жауап қалдыру