Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысын өткізді.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысын өткізді. Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Президенттің айтуынша, қазіргі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Өйткені оның жылдамдығы мен ауқымдылығы соншалық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады.

– Жасанды интеллект жаһандық экономиканың басты арқауы, ал үлкен деректер қоры аса маңызды ресурс санала бастады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні аса маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойдық. Тиісті институционалдық алғышарттар мен базалық инфрақұрылым қалыптасты. Енді жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына енгізуіміз қажет. Бұл ретте «технологиялық сақтық шараларын» басшылыққа алып, ұлттық мүддені де ұмытпаған жөн, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.

– Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізгені жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зертханалардың соңғы деректеріне сүйене отырып, дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтық тез ұлғайып келе жатқанын атап өтті.

– Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең «технологиялық алшақтықты» қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық «Орта табыс дағдарысына» тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.

– Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті. Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді. Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.

– Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс. Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсатымыз – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты бағыттарын бекіткені жөн. Бұл – шұғыл міндет, уақыт күтпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент «нақты уақыт экономикасына» көшу өте маңызды екеніне назар аударды. Себебі дәстүрлі жүйеде мемлекет үнемі «ізінен қуып» отырады.

– Мысалы, бюрократиялық рәсімдер мен бітпейтін келісулер қаржының тиімділігін 30 пайызға дейін азайтады. Тексеріс салық жинау кезеңінің қорытындысы бойынша жүргізіледі. Ал ол кезде бюджет қаржысы әлдеқашан игеріліп қояды. Жасанды интеллект арқылы күшейтілген платформалық тәсіл бұл ретте едәуір алға озуға жағдай жасайды. Атап айтқанда, үздіксіз предиктивті мониторинг мақсатсыз немесе күмәнді транзакцияларды алдын ала анықтайды. Бұл ретте тек мемлекет ресурсына сенім арту стратегиялық тұрғыдан қате екенін ескерткім келеді. Қабылданған платформалық шешім жеке капиталдың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын басты құрал болуға тиіс. Негізгі міндет – осындай институционалдық орта қалыптастыру. Үкімет бизнесті ынталандыратын нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру тиімділігін арттыру үшін өлшемді көрсеткіштер қажет екенін еске салды.

– Есепсіз немесе көзге көрінбейтін дүниені басқару қиын. Сондықтан Үкімет көп созбай, ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені қолданысқа енгізгені жөн. Бұған салғырт қарауға болмайды, жұмысты кешіктірмеу керек. Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында «ізашар жобаларды» іріктеп шығарды. Оларды мұқият сараптап, экономикаға тікелей әсерін анықтау керек. Жалпы, қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет. Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, зияткерлік капиталды күшейтіп, еңбек өнімділігін арттырмаса, тек демографиялық өсім бәсекеге қабілетті ел болуға кепілдік бермейді.

– Кеңестің осыған дейінгі отырысында қабылданған шешімге сай биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік құру арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуды қолға алдық. Бірнеше жобаның тізімі жасалды. Олар барынша жедел таратылуға тиіс. Үкімет қысқа мерзім ішінде «ғылымнан нарыққа дейінгі» кезеңдерді түгел қамтитын тізбек жасауы керек. Алдымызда қолданбалы әзірлемелерді тез арада коммерцияландыру, салықтық ынталандыру және келешегінен көп үміт күттіретін жобаларды бірлесе қаржыландыру құралдары қарастырылған толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Мұндай пәрменді тетік болмаса, ғылыми әлеуетіміз тек академиялық ортамен шектеліп қалады, – деді Мемлекет басшысы.Президент сенімді инфрақұрылымды цифрлық экономиканың тағы бір берік тұғыры ретінде атады. Бұл – технологиялық дербестіктің алғышарты. Оның маңызы энергетика немесе логистика саласынан кем түспейді.

– Есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарын бақылауда ұстау айрықша өзекті. Қазіргі заманда мұны өзгелерден тәуелсіз болудың бұлжымас қағидасы десек, артық айтқандық емес. Бізге жасанды интеллект пен «бұлтты» технология қызметтеріне арналған инфрақұрылымдық базаны дамыту керек. Осы бағыттағы басты жоба – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру ісін жүйелі жүргізу қажет. Бұл – алдағы уақытта экономикамыздың жаңа индустриялық тірегіне айналатын ауқымды кластер. Мұндай орталықтар кәсіпкерлер мен ғалымдарды есептеу ресурстарымен қамтамасыз етеді. Сенімді цифрлық инфрақұрылым еліміздің стратегиялық активіне айналуға тиіс. Үкімет «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауы қажет. Бұл ретте халықаралық стандарттар және осы саладағы жетекші компаниялар бекіткен талаптар ескерілуге тиіс. Ең бастысы, бұл аса маңызды жоспар еліміздің сұранысына сай және заманауи озық үрдістерді ескере отырып жасалғаны жөн. Дата-орталықтар – сәнді цифрлық технологиялар көрмесі емес, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік жіті қадағаланбаса, кез келген инфрақұрылым сыр беретінін мәлімдеді.

– Ұлттық технологиялық өнімнің бәріне қауіпсіздік стандарттарын енгізу керек. Дербес деректерді қорғау міндеті Конституцияда нақты бекітілді. Сондықтан бұл жұмыс құпиялық, тұтастық, қолжетімділік қағидаттарына негізделуі қажет. Мемлекеттік цифрлық қызметтердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – басты талаптың бірі. Ашықтық, жаһандық интеграция және ұлттық мүдде арасындағы теңгерімді сақтау – айрықша маңызды. Мемлекет осы жұмысты тиімді ұйымдастырғаны дұрыс. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі виртуалды кеңістік ауқымынан әлдеқашан шығып кетті. Таяу Шығыстағы оқиғалар жаһандық тәртіптің осал тұстарын айқындап берді. Өкінішке қарай, бүгінде дамыған елдердің цифрлық инфрақұрылымына қатер төніп тұрғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда халықаралық бизнеске қауіпсіздік ауадай қажет. Жаһандық технологиялық қауымдастық үшін институттар мен құқықтық жүйенің тұрақты, ал цифрлық инфрақұрылымның сапалы болғаны өте маңызды. Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық. Демек осы талаптың үдесінен шыға білу қажет, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге әлемнің әр түкпірінен білікті мамандар шақыру және инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

– Қазақстанды жайлы аймақтық хаб ретінде таныту үшін көші-қон үдерістері оңтайландырылып жатыр. Оның бәрі толық цифрлық форматқа көшіріледі. Таяуда қолданысқа енгізілген «Алтын виза» осы бағыттағы елеулі шешімдердің бірі болды. Бұл визаның иегерлері ұзақ уақыт бойы еліміздің резиденті бола алады. Артық әкімшілік жүктемеден босатылады. Оларға едәуір салық жеңілдігі беріледі. Бағдарламаға қатысушылардың және олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан азаматтарымен бірдей сапалы білім алуға, медициналық қызметті пайдалануға мүмкіндігі болады, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін деректерге бағдарланған басқару моделін енгізу керек деп санайды.

– Жүйеленген деректер – жасанды интеллектіні дамытудың экономикалық негізі. Мұндай деректер технологияның әлеуетін пайдаланып, өнімділікті арттыруға жол ашады. Осы ретте тіл бүкіл жүйені біріктіретін басты құрал болуға тиіс. Ең алдымен, қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық кіріктіру керек. Сонда ғана деректерді құрылымдап, инновацияны барлық салаға енгіземіз. Ортақ деректер жинақталып, өзара үйлесімді және машина оқи алатындай форматта болуға тиіс. Әйтпесе, ең мықты алгоритмнің өзі дұрыс жұмыс істемейді, оның еш пайдасы болмайды. Қазір аса құнды ақпараттың көбі архивтерде шаң басып жатыр. Оның бәрін цифрлық форматқа көшіру қажет. Біз уақыттан ұтылып, мүмкіндікті пайдалана алмай жатырмыз. Үкімет жасанды интеллект үлгілерін оқыту үшін архивтердегі және қолданыстағы мәліметтерді сапалы деректер торабына жинақтауға тиіс. Бұл жұмысқа дереу кіріскен жөн. Бұдан бөлек, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі деректер сапасын айқындайтын ұлттық стандартты бекітуі керек. Ол экономика, ғылым және бизнес өкілдеріне қолжетімді болғаны абзал. Жалпы, деректерге бағдарланған басқару үлгісіне толық көшу үшін Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың нормативтік базасы мен мазмұнын қайта қарап шығуға тиіс. Мәліметтерді жүйелеп, «деректер қоймасы» деп аталатын бірыңғай желіге кіріктіру маңызды. Жұмыстың тиімділігі соған қарап бағаланады. Біз осы бағытта шұғыл шараларды қолға алмасақ, салынған инвестиция құмға сіңген судай жоқ болады, – деді Президент. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы моделдің ауқымына қарай емес, керісінше экономиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесім тапқанына байланысты анықталатынын айтты.

– Шын мәнінде, парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану өсімнің басты факторы санала бастады. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жаһандағы технологиялық жарыста бірде бір ел өз бетінше жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалана алмайды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибелермен алмасу үшін құрылды. Осыған орай Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң. Бұл орайда тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп секторы, логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығынды азайту және басқару тиімділігін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруді ұсынамын. Индустриялық деректерді дамытып, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу, сондай-ақ процестерді жаппай автоматтандыру арқылы біз стратегиялық мақсаттардың пікірталас күйінде қалмай, нақты іске ұласуына мүмкіндік жасаймыз, – деді Президент.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Sinovation Ventures және 01.ai бас директоры Ли Кай Фу, Cambrian Futures бас директоры Олаф Дж. Грот, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Меруан Дебба, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам және Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhitikarin-chaikovskaia/press/news/details/1213870?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді